Қазақстанда 13 тамызда белгілері коронавирусқа ұқсайтын пневмонияға шалдыққан 934 адам анықталған, 10 адам қайтыс болған. Бұл туралы денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.
Министрліктің мәліметінше, 1-13 тамыз аралығында коронавирустық пневмонияға шалдыққан 16 666 адам анықталған. 198 адам қайтыс болған.
Ведомство коронавирустан қайтыс болғандар саны туралы да мәлімет берді. 13 тамызда коронавирустан 21 адам қайтыс болған. Эпидемия басталғалы бері елде коронавирустан кемінде 1356 адам көз жұмған.
Қазір коронавирус инфекциясынан 21 859 адам емделіп жатыр. 104-і – бала. 3,7 мыңнан астам науқас стационарда жатыр. 420 адамның жағдайы – ауыр, 103-інің жағдайы – өте ауыр. 80 адам жасанды тыныс алу аппаратымен демалып жатыр.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы әлем елдеріне оның ішінде Қазақстанға да коронавирус пен белгілері коронавирусқа ұқсайтын, бірақ зертханалық талдаумен расталмаған пневмония түрін біріктіруге кеңес берген. Көрші Қырғызстан шілде айының ортасында көрсеткішті біріктірген. Ал Қазақстан бастапқыда біріктіретінін мәлімдегенмен кейінірек бұл ниетінен айнып қалды. Егер екі көрсеткішті қосса, Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар – 118 514 адамға жетеді. ДДСҰ ресми сайтында Қазақстандағы Covid статистикасын солай біріктіріп көрсеткен.
Ресми мәлімет бойынша, жыл басынан тамызға дейін пневмонияға (пневмонияның барлық түріне) 256 мың адам шалдыққан. Бұл – өткен жылдың алғашқы жеті айымен салыстырғанда 3,3 есе көп көрсеткіш. Былтыр осы аралықта өкпе ауруынан 2,3 мың адам қайтыс болса, биыл төрт мыңнан астам адам көз жұмған.