Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жыл сайынғы дәстүрлі жолдауды 1 қыркүйекте өтетін парламенттің кезекті сессиясының ашылуында жарияламақ. Бұл туралы президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли хабарлады.
“Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған жыл сайынғы дәстүрлі жолдауы 2020 жылдың 1 қыркүйек күні өтетін парламенттің кезекті сессиясының ашылуында жарияланады деп жоспарланып отыр. Парламенттің қос палатасының бірлескен отырысында президент Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің дағдарыстан кейінгі кезеңдегі негізгі даму мақсаттары жайында айтады. Жолдаудың басым бөлігі экономикалық және әлеуметтік мәселелерге арналады”, – деп жазды ол.
Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин парламенті палаталарының бірлескен отырысын шақыру туралы өкімге қол қойған болатын. Отырыс 1 қыркүйекте сағат 11:00-де өтеді.