Қазақстандық делегацияның Мәскеуге жасаған сапарында ресейлік вакцинаны елге жеткізу туралы уағдаласқан. Бұл туралы primeminister.kz сайты хабарлады.
“Ресейдің тікелей инвестиция қоры мен “СҚ-Фармация” арасында “Спутник V” вакцинасының кепілдік берілген көлемін сынақтардың барлық сатысынан өткеннен кейін бөлу туралы келісімге қол қойылды”, – делінген ресми хабарламада.
Қазақстан үшін вакцинаның қажетті көлемін Н.Ф. Гамалея атындағы эпидемиология және микробиология ұлттық зерттеу орталығы жасап беруге дайын.
“Бұл ретте, қауіп тобына кіретін қазақстандықтар үшін вакцинациялау тегін және ерікті негізде жүргізіледі және ол барлық клиникалық сынақтан өткеннен кейін ғана мүмкін болады”, – делінген сайтта.
Айта кетейік, қазақстандық делегацияны премьер-министрдің орынбасары Роман Скляр бастап барды. Сапар аясында денсаулық сақтау министрі Алексей Цой мен РФ денсаулық сақтау министрі Михаил Мурашконың арасында келіссөз өткен.
12 тамызда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев күзде Ресейге вакцинаны сатып алу бойынша келіссөз жүргізуге делегация жіберетінін айтқан. Бұл қоғамда үлкен талқы тудырып, кейін Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі барлық сынақ кезеңінен өтпеген вакциналарды алмайтынын мәлімдеген. Елдің бас санитарлық дәрігері Айжан Есмағамбетова Қазақстан нарыққа алғаш түскен вакцинаны сатып алатынын айтқан.