27 тамыз күні Қазақстанда белгілері коронавирусқа ұқсайтын пневмонияға 531 адамның шалдыққаны анықталған. Бір күнде 7 адам пневмонияның осы түрінен қайтыс болған. Бұл туралы денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.
Тамыз басынан бері клиникалық белгілері коронавирусқа ұқсас, бірақ ПТР-тестімен расталмаған пневмония түріне 24 632 адам шалдыққан. Осы аралықта 278 адам қайтыс болған. 5 299 адам жазылған. Бұл науқастардың 21,8 пайызына тең.
Министрліктің мәліметінше, бір күнде коронавирус инфекциясы жұққаны ПТР-тестімен расталған 9 адам қайтыс болған. Бейсенбі күні республика бойынша 723 адам Covid-тен жазылған. Елде коронавирус инфекциясынан кемінде 1563 адам қайтыс болған.
Қазір коронавирус инфекциясынан 8 592 адам емделіп жатыр. 38-і – бала. 4 320 науқас стационарда жатыр. 4 272 адам амбулаторлық жағдайда емделіп жатыр. 255 адамның жағдайы – ауыр, 44 адамның жағдайы – өте ауыр. 46 адам жасанды тыныс алу аппаратымен демалып жатыр.