Қазақстандық боксшы Геннадий Головкин (40-1-1, 35 КО) желтоқсан айында польшалық Камил Шереметамен (21-0, 5 КО) орта салмақтағы IBF және IBO белбеулері үшін жекпе-жек өткізеді. Бұл туралы Vesti.kz порталы хабарлады.
Бұл жөнінде нақтырақ америкалық тілші Майк Коппинджер Іnstagram парақшасында жариялаған болатын. Оның хабарлауынша жекпе-жек желтоқсанның 18 немесе 19 күні өтеді. Осыдан кейін Шеремета бұл ақпаратты өз парақшасына репост жасады.
Екі боксшы негізі 2020 жылдың наурыз айында шаршы алаңда кездесуі керек болған. Алайда әлемдегі пандемияға байланысты кездесу кейінге шегерілді.
Соңғы рет Головкин шаршы алаңға 2019 жылы Нью-Йорк қаласында шығып, украиналық Сергей Деревянченконы жеңді. Бұл кездесуде Головкин екі белбеу жеңіп алды. Дәл осы бокс кешінде Шеремета да шаршы алаңға шығып, мексикалық Оскар Кортесті жеңген болатын.