4 ақпанда мәжіліске медицина саласынан келген депутаттар Зарина Камасова және Ғалымжан Елеуов коронавирус инфекциясына қарсы екпе жасады. Бұл туралы мәжілістің баспаөз қызметі хабарлады.
Оқи отырыңыз: “Вакцинаға қарсымыз”. Нұр-Сұлтанда көпбалалы аналар наразылыққа шықты
Мәжіліс сайты екпе салдырған депутаттардың VII шақырылымға тағайындалғанға дейін індетпен күрес шеңберінде аймақтарда медициналық мекемелерде жұмыс істеп, халыққа қажетті көмек көрсеткенін хабарлады.
– Дәрігер ретінде мен қазір жаппай вакцинациялау ғана коронавирустың таралуына қарсы тұра алатындығын жақсы түсінемін. Әрине, бұл әр адамның еркі. Мен нақты шешім қабылдадым: екпе жасатамын. Өйткені, ол менің де, туыстарым мен достарымның да денсаулығы осыған байланысты, – деді депутат Ғалымжан Елеуов.
Сонымен қатар, депутаттар екпе салғызғаннан кейін денсаулықтарының бірқалыпты екендіктерін айтты.
Қалған депутаттарды вакцинациялау наурыз айында денсаулық сақтау министрлігінің кестесіне сәйкес жүргізіледі.