Петропавл қаласының өрт сөндіру бөлімі жетекшісінің орынбасары Руслан Базарбаев Бердібекұлы батыл әрекеті үшін Елбасының табыстауымен «Ерлік» орденімен марапатталды.
«Ерлік» орденімен марапаттаған Елбасыға алғысын білдірген Руслан Базарбаев өзінің ерлік әрекеті туралы баяндап берді.
Руслан Бердібекұлы «2016 жылдың қыс мезгілінде 101-ге Петропавл қаласында көп қабатты үйдің төртінші қабатында өрт болып жатқан пәтердің ішінде адамдар қалып қойды деген хабар келіп түсті. Оқиға орнына жедел барып төртінші қабатқа адамдарды жібердім. Сол мезетте тағы да, үйдің бесінші қабатында өздері шыға алмайтын адамдар бар деген хабар алдым. Өрттің ішінде үлкен қария екі немересімен бірге қалып қойған екен. Подездің бәрі түтіннен көрінбей қалған. Дала аяз, суық. Өзім бесінші қабатқа қосымша саты арқылы кіргенімде әжей мен екі немересі қалың көрпелерге оранып алып түтінге тұншыққан күйде балконда жатыр екен. Осылайша ол кісілерді өрттің ішінен алып шығып, үш адамның өмірін аман сақтап қала алдым», дейді.
Әйтсе-де өзін ерлік жасадым деп есептемейтін Руслан «Көп жағдайда өміріңді тәуекелге қойып жұмысқа кірісетін сәттер болады. Дегенмен мен өзімді ерлік жасадым деп есептемеймін. Бұл менің күнделікті тіршілігім, менің қызметім. Мен осы үшін білім алдым. Мемлекет маған оқу берді, жұмыс берді. Енді ел үшін, жер үшін өз өмірімді қатерге тігуге дайынмын. Бұл менің таңдауым және бұл таңдауыма ешқашан өкінбеймін», деді.
Өміріне қауіпті шешім қабылдар сәттегі сезімдерімен бөліскен Руслан Берікұлы «Әрине мұндай қауіпті жағдайды көзіңмен көріп тұрғаннан кейін қорқу, қобалжу деген міндетті түрде болады. Сенің іс-әрекетіңнен адамдардың тағдыры шешілгелі тұрғанын ойлағанда қате шешім жасамау керек екенін түсінесің», дейді.
Жадыра Аманбайқызы