Нұр-Сұлтан қаласының спортшысы Сиязбек Далиев жүзуден параолимпиадада Еуропа чемпионы атанды. Бұл туралы қала әкімдігінің сайты хабарлады.
Португалияның Мадейра қаласында 16-22 мамыр аралығында өтіп жатқан бәсекеде 47 елден 380 спортшы қатысуда. Сиязбек баттерфляй стилінде 50 м қашықтықты 35,78 секундта жүзіп өтіп, бірінші орын иегері атанды.
Екінші орынды Украина спортшысы Ярослав Семененко (35,96 секунд) иеленсе, ал үздік үштікті ресейлік Игорь Плотников (37,33 секунд) қорытындылады.
Еске салайық, сәуір айында Ұлыбританияда өткен әлем кубогында спортшы дәл осы қашықтықта күміс жүлдеге қол жеткізген.