Алматы қаласы және үш облыс “қызыл аймаққа” өтті

0
338

Өткен тәулікте Қазақстанда 1730 адамнан коронавирус анықталды. 54 адам коронавирус пневмониясына шалдыққан. Бұл туралы 26 маусымда Coronavirus2020 сайты хабарлады. 

Ресми мәлімет бойынша, 24 маусымда 14 адам коронавирустан, тағы 3 адам соған ұқсас пневмониядан қайтыс болған.

Сенбіден бастап Алматы қаласы мен Атырау, Батыс Қазақстан және Қарағанды облыстары коронавирустың таралуына байланысты “қызыл аймаққа” өтті. Бұған дейін “қызыл аймақта” коронавирус жұқтырғандар күн сайын көбейін жатқан Нұр-Сұлтан қаласы ғана болған еді. “Сары аймақтағы” Шымкент қаласы мен Маңғыстау облысына бүгін Қостанай облысы да қосылды.

Елде коронавирустың “үнді штамы” анықталған шақта науқас саны қайта көбейіп жатыр. 27 маусымнан бастап ел астанасында карантин қайта күшейеді: көпшілік қатысатын той-томалақ, сауық шарасымен бірге митинг, шеру өткізуге де тыйым салынады. Санитарлық дәрігердің қаулысына сәйкес, азаматтар қоғамдық орындарда маска тағуға, антисептик қолданып, ара қашықтықты сақтауы керек. Ashyq жобасына қатысатын нысандарға кіру үшін адамдар осы қосымша арқылы статусын тексеруге міндетті.

Өткен жылдың наурызынан бері Қазақстанда 416 442 адамға коронавирус жұққан. 4295 адам көз жұмды. Бұған қоса елде коронавирус пневмониясына шалдыққандардың жиынтық саны 56 840 адамға жетті. Осы уақытқа дейін бұл дерттен 3440 адам қайтыс болды. Билік Covid пен коронавирус пневмониясына шалдыққандарды екі бөлек есептейді. Бірақ халықаралық ұйымдар дерегінде екі көрсеткіш біріктірілген.

Ресми дерек бойынша, Қазақстанда 3 млн-ға жуық адам коронавирусқа қарсы вакцинаның кемінде бір дозасын алған. 1,8 млн-нан астамы екпенің екі дозасын алған. Елде ресейлік “Спутник V”, қазақстандық QazVac және Қытай шығарған Sinopharm мен “Sinovac Biotech Ltd” компаниясының CoronaVac (Sinovac) вакцинасын егу шарасы өтіп жатыр.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз