31 шілдеде қазақстандық теннисші Елена Рыбакина 2020 жылғы Олимпиада ойындарында қола медаль үшін таласта украиналық Элина Свитолинаға есе жіберді.
Үш сетке созылған кездесу 6:1, 6:7, 4:6 есебімен Свитолинаның пайдасына аяқталды. Елена алғашқы сетте қарсыласына еш мүмкіндік берген жоқ. Ал екінші сет тартысты өтіп тай-брейкке дейін жетті. Теннис лотереясында украиналық спортшы таразы басын теңестірді. Шешуші сетте Елена 4:1 есебімен жеңіп келе жатқанымен қарсыласына жол берді. Осылайша Рыбакина Токиодағы жарысын аяқтады.
Еске салайық, теннисші Елена Рыбакина жартылай финалда әлемнің он екінші ракеткасы, швейцариялық Белинда Бенчичпен сынға түсіп, есе жіберіп алған болатын. Ал, осыған дейін ширек финалда әлемнің бұрынғы бірінші ракеткасы (2017 жылы) испаниялық Гарбинье Мугуруса Бланкодан, үшінші айналымда хорватиялық Донна Векичтен (7:6 (7:3), 6:4), екінші айналымда швециялық Ребекка Петерсоннан (6:2,6:3), алғашқы кезеңде австралиялық Саманта Стосурдан екі сетте (6:4,6:2) басым түсті.