26 тамыз күні қазақстандық паралимпиадашы Давид Дегтярев Токиода өтіп жатқан паралимпиадада пауэрлифтингтен 54 келі салмақта чемпион атанды.
Дегтярев үш мүмкіндігін толық пайдаланып, 174 келіні көтерді. Күміс медальды франциялық Аксель Бурлон (165 келі), қоланы грекиялық Димитриос Бакохристос (165 келі) иеленді.
Бұл – Қазақстанның Токио паралимпиадасындағы алғашқы медалі. Биылғы паралимпиадаға Қазақстаннан 25 спортшысы қатысып жатыр.
25 жастағы Дегтяров биыл паралимпиада алдында Тбилисиде өткен әлем кубогында 185 келіні көтеріп, алтын медаль алған. Ол Грузиядағы жарыста Азия рекордын жаңартқан.
Қазақстандық атлет 2018 жылы Джакартада өткен пара Азия ойындарында 54 келіде күміс медаль иеленген. Дегтярев Индонезиядағы жарыста 157 келі көтерген.
Дегтяров Ақмола облысы Атбасар қаласында туған. Паралимпиадаға алғаш рет қатысты.
Қазақстан 2016 жылы Риода өткен паралимпиадада бір алтын, бір күміс медальмен жалпы есепте 58-орын алған. Рио паралимпиадасында жүзуден Зүлфия Ғабидулина чемпион атанса, пауэрлифтингтен Раушан Қойшыбаева күміс медаль иеленген. Ғабидулина мен Қойшыбаева да Токио паралимпиадасына қатысып жатыр.
Қазақстан жазғы паралимпиадаға 1996 жылдан бері қатысып келеді. 2016 жылға дейін Қазақстан паралимпиада ойындарында жүлде алмаған еді.
Токиодағы паралимпиада 5 қыркүйекте аяқталады. Бұл дода 2020 жылы өтуі тиіс еді, бірақ коронавирус пандемиясына байланысты биылға шегерілген. Токио паралимпиадасы алдында өткен олимпиада ойындарында Қазақстан алтынсыз қалып, тек 8 қола медаль иеленген болатын.