Нұр-Сұлтанда халықаралық білім олимпиадаларының жеңімпаздары марапатталды

0
717
Халықаралық білім олимпиадаларынан жүлделі оралған оқушылар.

26 тамыз күні Нұр-Сұлтандағы “Білім-инновация” халықаралық қоғамдық қоры ғимаратының ауласында әлемдік білім додаларынан жүлделі оралған оқушыларды марапаттау рәсімі өтті.

Олимпиада жүлдегерлерін марапаттау рәсімі әнұранмен басталды.

Жаһандық білім сайысының жүлдегерлерін және оларды осы олимпиадаға дайындаған ұстаздардын Қазақстан кәсіпкерлер ассоциациясының төрағасы Жұмабек Жанықұлов және “Білім-инновация” Халықаралық қоғамдық қорының президенті Дархан Өте марапаттады. 

Қазақстан кәсіпкерлер ассоциациясының төрағасы Жұмабек Жанықұловтың сөзінше, Қазақстанның жас бүлдіршіндерінің осындай жетістікке жетуі еліміздің келешегі үшін өте маңызды. Білімді жасөспірімдерді қолдауға кез келген кәсіпкер атсалысуы тиіс. 

Қазақстан кәсіпкерлер ассоциациясының төрағасы Жұмабек Жанықұлов.

“Біріншіден, осындай марапаттау рәсіміне шақырған “Білім-инновация” Халықаралық қоғамдық қорының басшылығына рахмет айтамын. Себебі бұл кәсіпкерлер үшін үлкен құрмет. Осындай істерге кез келген кәсіпкер атсалысуға, малын, жанын беруге дайын дер едім. Екіншіден, осындай Қазақстанның жас бүлдіршіндерінің жетістікке жетуі еліміздің келешегі үшін өте маңызды. Білімді жасөспірімдерді қолдау олардың келешегі үшін де жақсы деген ойдамын. Білімпаздардың жоғары нәтижеге қол жеткізуі олардың бойындағы елін сүю сезімі және ата-анасының тәрбиесі мен Құдайдың берген талантының арқасы. Бұлардың осындай жетістікке жетуі жолында біздің қолдауымыз үлкен теңіздегі бір тамшы ғана“, – деді Жұмабек Жанықұлов. 

“Білім-инновация” ХҚҚ-ның президенті Дархан Өтенің айтуынша, осы жылы халықаралық олиампиадаларда қорға қарасты мектептердің 10 оқушысы жүлделі орыннан көрінген. Оның сөзінше, Халықаралық математика олимпиадасында алтын алған Айбек Мырзатаевтың жеңісі соңғы он жылда болмаған көрсеткіш.

“Білім-инновация” ХҚҚ-ның президенті Дархан Өте.

“Оқушыларымыздың халықаралық сайыста Қазақстанның туын желбіреткеніне өте қуаныштымыз. Осы ретте оқушыларды дайындаған ұстаздарға, қолдау білдірген ата-аналарына мың алғыс. Олимпиаданы ұйымдастырған республикалық ғылыми практикалық “Дарын” орталығына да үлкен алғыс айтқым келеді. Ынталандыру кез келген еңбекті қажет ететін салада маңызды. Бұл оқушыларымыз жыл бойы тиянақты дайындықтың арқасында осындай жетістікке жетіп отыр. Қордың атынан және кәсіпкерлердің оқушыларды қолдауы өте орынды деп ойлаймын”, – деді ол. 

Олимпиада жүлдегерлеріне бағалы сыйлықтар табысталды. Халықаралық биология олимпиадасынан төртінші орын алған Әбдуәлі Гүлданаға және оны дайындаған мұғаліміне iPhone 12 смартфоны сыйлыққа берілді.

Халықаралық биология олимпиадасынан жүлделі оралған NURORDA мектеп лицейінің 11-сынып оқушысы Гүлдана Әбдуәлі.

Гүлдана олимпиаданың оффлайн форматта өткенін қалаған екен. Алайда жарыс онлайн өтсе де барлығы жоғары деңгейде болды дейді оқушы.

Гүлдана Әбдуәлі
Халықаралық биология олимпиадасынан жүлделі оралған NURORDA мектеп лицейінің 11-сынып оқушысы Гүлдана Әбдуәлі.

“Жарысқа Ілияс Акимов және Әділет Сағынтаев атты ұстаздарым дайындады. Негізі Венгрияда өтуі керек болған олимпиада онлайн форматта екі күн бойы жалғасты. Алдыңғы жылдарға қарағанда сұрақтар аса қиын болды дей алмаймын. Олимпиадаларға 7-сыныптан бастап қатысып келемін”, – деді ол. 

Жүлделі алтын, күміс, қола медаль иегерлеріне шетелде 5 жұлдызды қонақ үйде демалысқа сертификат табысталды. Ұстаздарына ақшалай сыйақы үлестірілді.

Олимпиада жүлдегерлерін дайындаған ұстаздар.

Ақтөбе “Білім-инновация” лицейінің биология пәнінің мұғалімі Жандос Сансызбаевтың шәкірті Ернар Батыржанов Халықаралық биология олимпиадасынан қола медаль иеленген.

Ұстаз бен шәкірт. Ақтөбе “Білім-инновация” лицейінің биология пәнінің мұғалімі Жандос Сансызбаев және 10-сынып оқушысы Ернар Батыржанов. 

“Ақтөбеде биология пәнінен жалпы 15 оқушыны олимпиадаға дайындадым. Осы жылы 5 оқушы республикалық жарысқа қатысты. Сол бес оқушының барлығы жүлделі орын алды. Бұл нәтиже тек мұғалімнің ғана арқасы емес. Оған әсер ететін бірнеше фактор бар. Мұғалім белгілі жұмысын тоқтатпай тұрақты жасап отыруы тиіс. Балаларға тиімді жағдай жасап қызықты орта қалыптастыра білуі керек”, – деді мұғалім. 

Халықаралық математика олимпиадасының күміс жүлдегері Фетуллах Сам жарыстарға 7-сыныптан бастап дайындалып келеді екен. Өткен жылы алғыс хат алған білімпаз биыл күміс медаль еншілеген.

Халықаралық математика олимпиадасының күміс жүлдегері, Spectrum мектебінің 12-сынып оқушысы Фетуллах Сам.

“Осы жылы өткен Халықаралық математика олимпиадасында күміс медаль иелендім. 7-сыныптан бастап халықаралық олимпиадаларға дайындалып келемін. Әр апта дайындығымызды пысықтаймыз. Ұстазымыз Муаммер Гүл дайындығымызды одан әрі жетілдіре түсу үшін қосымша мұғалімдер шақыртып дәріс өткізді. Әлемдегі ең беделді білім сайысы болғандықтан оңай өтті дей алмаймын. Пандемияға байланысты жарыс онлайн форматта өтті. Қазақстан командасы Алматы қаласына жиналып олимпиадаға сол жерде қатыстық. Екі турдан тұратын додада Қазақстан командасы өте жақсы көрсеткішке жетті. Біздің құрама бір алтын, үш күміс, екі қола медаль жеңді. Өткен жылы қатысып алғыс хат алған болатынмын. Биыл күміс бұйырды. Бұл менің болашақта әлемнің беделді жоғары оқу орындарына түсуіме көп септігін тигізеді”, – деді Фетуллах. 

ОЛИМПИАДА ЖҮЛДЕГЕРЛЕРІ МЕН ОЛАРДЫҢ ҰСТАЗДАРЫ

“Білім-инновация” лицейлері (бұрынғы КТЛ) Қазақстанда 1993 жылдан бастап ашыла бастады. Білім мен тәрбиені қатар қоятын мектептерден осы уақытқа дейін көптеген халықаралық олимпиада жүлдегерлері түлеп ұшты. Олар Қазақстанның дамуы үшін түрлі салада қызмет етіп жатыр.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз