28 желтоқсан, сейсенбі күні премьер-министр Асқар Мамин, үкімет отырысында елдегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдайға тоқталып, 2022 жылдың алғашқы алты айында шамамен 9 миллион адамға вакцинаның үшінші дозасын салғызу керектігін айтты. Бұл туралы премьер-министрдің ресми сайты хабарлады.
«Жаппай ревакцинациялау жұмыстарын күшейту қажет. 2022 жылдың бірінші жартыжылдығында шамамен 9 млн адамды ревакцинациялау қажет», — деді Асқар Мамин.
Үкімет отырысында денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушы Жандос Бүркітбаев елдегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдай туралы баяндама жасады. Министрдің айтуынша инфекциялық және реанимациялық төсектердің жүктемесі 17% құрайды. Коронавирус инфекциясымен ауруханаға жатқызу және ауыр жағдайлар саны айтарлықтай азайған. Қазіргі таңда коронавирус инфекциясының таралу қарқыны бойынша өңірлердің көбісі (15) және жалпы Қазақстан Республикасы «жасыл аймақта» орналасқан. Нұр-Сұлтан қаласы мен Солтүстік Қазақстан облысы «сары аймақта» тұр.
Бүгінгі таңда 9 миллионнан астам адам вакцинаның бірінші компонентін алды. Бұл ересек адамдардың 80%-ға жуығы, ал 8,5 млн-ға жуық адам немесе ересек адамдардың 75%-ы екінші компонентін алды. 242 мың жасөспірім вакцинаның І компонентін, II компонентін шамамен 90 мыңы алды. Ревакцинациядан 450 мың адам өтті. Айта кетейік вакцинаның екінші компонентін алған сәттен бастап 6 ай уақыт өткен азаматтар бұған дейін салынған вакцинаның түріне байланысты қайта вакцина алады.