Сейсенбіде “Қазақстан Даму Банкі” басшысы Абай Сарқұловтың өкілеті мерзімінен бұрын тоқтатылды.
“Жалғыз акционердің (“Бәйтерек” ҰБХ» АҚ) 24.01.2022 жылғы шешімімен Абай Сарқұловтың “Қазақстанның даму банкі” АҚ (бұдан әрі – ҚДБ, Банк) басқарма төрағасы және директорлар кеңесінің мүшесі ретіндегі өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылды. 25.01.2022 жылдан бастап ҚДБ басшысының міндетін атқарушы болып бұған дейін Банк басқармасы төрағасының орынбасары қызметін атқарған Сандуғаш Кенжебаева тағайындалды”, – делінген хабарламада.
Еске салайық, президент Тоқаев Қазақстан Даму банкі элитаның жеке банкіне айналғанын айтып сынаған.
11 қаңтарда мәжілістің жалпы отырысына қатысқан президент Тоқаев билік құрылымдарының қарапайым халықтың өмірі жайлы түсінігі шала екенін, азаматтардың көп мәселесі шешілмейтінін, “пайданы олигархиялық қаржы топтары” көріп отырғанын сынады. Үкіметке Қазақстан даму банкінің қызметін қайта құруды тапсырған.
“Қазақстан даму банкі қаржы-өнеркәсіп және құрылыс топтары ішінде таңдаулы тұлғалар тобының жеке банкіне айналған. Бәрінің аты-жөні бізге белгілі. Жоғары кабинеттерге кіре алатынын пайдаланып, олар өз жобасын іске асыруда артықшылыққа ие болған. Осы жобаларға кеткен мемлекет қаражатын шағын және орта бизнеске жұмсауға болар еді” деген еді президент.