10 ақпанда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Владимир Путиннің шақыруымен Ресей астанасы Мәскеуге келді.
Қазақстан президентін Кремльде қарсы алған Владимир Путин “қаңтар оқиғасын” еске алды.
“Ресей ҰҚШҰ елдерінің бірі ретінде қауіпсіздік туралы шарттың 4-бабына сәйкес Қазақстанға көмек қолын созды. Бұл оқиғаларда маңызды рөлді Қазақстанның басшылығы, өз ісіне, антына және Қазақстан халқына адал құқық қорғау органдары, қарулы күштері атқарды.”, – деді Путин.
Ресей басшысы бұрынғы сарынмен екі ел арасындағы өзара іс-қимыл әлеуетін, ең алдымен, экономикалық тұрғыдан жалғастыруға үміттенетінін жеткізді.
Президент Тоқаев Мәскеуге шақырғаны үшін Путинге алғыс айтты.
“Қазақстан мен Ресей – Құдай қосқан көршілер. Біздің әлемдегі ең ұзын шекарамыз бар және елдеріміз арасында достық пен ынтымақтастықтан басқа ештеңе бола алмайды”, – деді Тоқаев.
Президент баспасөз хатшысы Берік Уәлидің хабарлауынша, Қазақстан мен Ресей басшылары келіссөз барысында екі ел арасындағы көпжоспарлы стратегиялық серіктестіктің даму перспективалары қарастырылады. Кездесу қорытындысы бойынша мемлекеттер басшылары бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері үшін бірлескен мәлімдеме жасайды.