Халықаралық футбол федерациясы (FIFA) және Еуропа футбол қауымдастықтарының одағы (UEFA), барлық ресейлік футбол клубтарын және Ресей ұлттық құрамаларын халықаралық турнирлерге қатысудан шеттетіледі деген бірлескен шешім қабылдады. Бұл туралы Fifa.com сайты хабарлады.
“Бұл шешімді FIFA кеңесінің бюросы мен UEFA атқарушы комитетінің шұғыл мәселелер бойынша жоғары директивті органдары қабылдады. Екі ұйымның президенті де (Александр Чеферин, UEFA және Джанни Инфантино, FIFA) Украинадағы жағдай айтарлықтай және тез жақсарады деп үміттенеді. Сондықтан футбол қайтадан адамдар арасындағы бірлік пен бейбітшіліктің векторы бола алады”- делінген хабарламада.
Футболдан Ресей ерлер құрамасы 24 наурызда Мәскеуде Польша командасымен Катардағы әлем чемпионатының іріктеу кезеңіне өту үшін ойын өткізуі керек еді. Ресей әйелдер құрамасы 6-31 шілде аралығында Англияда өтетін Еуропа чемпионатына қатысуы керек еді.
Сонымен қатар, Мәскеудің “Спартак” футбол лкубы Еуропа лигасының 1/8 финалында Лейпцигпен кездесуі керек еді. Алғашқы кездесу Германияда 10 наурызға жоспарланған болатын, екінші матч 17 наурызда өтуі керек еді.
Осылайша, ФИФА өзінің алғашқы санкцияларын күшейтіп, Украинадағы жағдайға байланысты Ресей халықаралық матчтарды өз алаңында қабылдамауы керек. Ал өз алаңындағы ойындарды көрермендерсіз бейтарап алаңдарда өткізуі керек. Дүйсенбіде халықаралық олимпиада комитетінің атқарушы комитеті спорт федерацияларына Ресей мен Беларусь өкілдерін жарысқа жібермеуге кеңес берді. Комитет бұл елдердің спортшылары мен командалары тек бейтарап мәртебемен және әнұрандары мен туларын пайдаланбай қатыса алады деп те қосты.