“Нұр Отан” партиясы атауын “Аманат” деп өзгертті

0
410
Партия ғимараты.

Сейсенбі күні “Нұр Отанның” кезектен тыс съезінде партия атауын “Аманат” деп өзгерту ұсынылды. Мұндай ұсынысты мәжіліс спикері Ерлан Қошанов жасады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл ұсынысты қолдады.

“Бұл еліміз үшін де, ұлтымыз үшін де айрықша мәні бар киелі ұғым. Егемендігіміз, елдігіміз бен бірлігіміз, кең байтақ жеріміз бізге бабалардан жеткен аманат. Осы қастерлі құндылықтарымызды көздің қарашығындай сақтап, болашаққа мирас етуіміз керек…Халқымыз ешқашан аманатқа қиянат жасамаған” деді Тоқаев.

Президент партиядағы қағазбастылықты, бюрократияны сынап, одан бас тарту қажеттігін айтты. Мәжіліс пен мәслихаттағы фракцияларды әрекетін белсенді ету қажеттігін алға тартқан Тоқаев “қоғамдық талқылау, әлеуметтік желі мен қалалық алаңдардағы фокусты парламентке бұрған дұрыс” деді.

Жиында сонымен қатар саяси кеңес құрамы өзгертілді. Оған премьер-министр Әлихан Смайылов, президент әкімшілігінің жетекшісі Мұрат Нұртілеу, “Астана” медициналық университетінің ректоры Камалжан Нәдіров, “Қазақ тілі қоғамының” вице-президенті Максим Рожин енді.

Саяси кеңес құрамынан Павлодар мұнай-химия зауытының бұрынғы бас директоры Оспанбек Әлсейітов пен мәжілістің бұрынғы спикері Нұрлан Нығматулин шығарылған. Бұған дейін ақпарат құралдары Әлсейітовтің тергеліп жатқанын хабарлаған.

Съезд онлайн өтіп жатыр. Шарадан тікелей эфирде трансляция жасалмады.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз