15 наурызда Түркменстанда өткен президент сайлауының нәтижесі шығып, 72,97% дауыс жинаған Сердар Гурбангулыұлы Бердімұхамедов жеңіске жетті. Бұл туралы Түркменстан орталық сайлау комиссиясы хабарлады.
12 наурызда Түркменстан президентін сайлау өтті. Сайлау күні сағат 07:00-ден 19:00-ге дейін сайлау құқығы бар азаматтар дауыс беруге қатысқан. Түркменстанда тіркелген 3 460 080 сайлаушының 3 362 052-сі дауыс берген. Бұл 97,17 пайызды құрайды.
“Түркменстан сайлау кодексінің 76-бабына сәйкес және орталық сайлау комиссиясының 2022 жылғы 14 наурыздағы шешімі негізінде 72,97% дауыс жинаған Түркменстан министрлер кабинеті төрағасының орынбасары Сердар Гурбангулыевич Бердымухамедов Түркіменстанның сайланған президенті болып танылды”- делінген хабарламада.
Түркменстанда сайлауға 9 кандидат қатысқан. Дауыс беру қорытындысы бойынша:
- Лебап уәлаятындағы қаржы-экономикалық мамандандырылған орта мектебінің директоры Перхат Гуванчгулыевич Бегенжов – 2,02%;
- Марый уәлаяты әкімінің орынбасары Ағаджан Бекмырадов – 7,22%;
- Түркменстан министрлер кабинеті төрағасының орынбасары Сердар Гурбангулыевич Бердімұхамедов – 72,97%;
- Түркменстан денсаулық сақтау және медицина өнеркәсібі министрлігінің “Awaza” санаторийінің бас дәрігері, Түркменстан мәжілісінің депутаты Бердімаммет Ханмамедович Курбанов – 2,22%;
- “Wepaly gurluşyk” шаруашылық қоғамының директоры Мередов Бабамұрат Тиркешұлы – 1,08%;
- Түркмен мемлекеттік дене шынықтыру және спорт институтының ғылыми жұмыс жөніндегі проректоры Хыдыр Кәкабайұлы Нуннаев – 11,09%;
- Түркменстан демократиялық партиясы комитетінің төрағасы Мақсат Мырадұлы Одешов – 1,15%;
- Этрап санитарлық – эпидемиологиялық қызметінің бастығы Мақсатмұрад Әшіргелдіұлы Овезгельдыев – 1,16%;
- Түркмен мемлекеттік энергетикалық институтының “жаңартылатын энергия көздері” ғылыми-өндірістік орталығының директоры Какагелді Атаджанұлы Сарыев – 1,09% дауыс.
Естеріңізге сала кетейік, сайлауда жеңіске жеткен Сердар Бердімұхамедов қазіргі Түркменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедовтың ұлы.