Қазақстанның АҚШ-тағы елшісі Ержан Ашықбаев президент Джо Байденмен кездесті. Бұл туралы 9 сәуірде сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
“4 сәуірде Ақ үйде өткен протокол іс-шарасы барысында Қазақстанның АҚШ-тағы елшісі Ержан Ашықбаев АҚШ президенті Джозеф Байденмен қысқаша сұхбаттасты. Әңгіме барысында қазақстандық дипломат Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ілтипатын жеткізіп, Қазақстан мен АҚШ арасындағы кеңейтілген стратегиялық әріптестікті ілгерілетуге бейілділігін атап өтті”, – делінген СІМ таратқан ақпаратта.
АҚШ президенті өз кезегінде екіжақты және аймақтық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша екі ел арасындағы сындарлы серіктестіктің жалғасуын оң қабылдайтынын жеткізген.