Қазақстанның бірінші, әлемнің 36-ракеткасы Александр Бублик Монте-Карло ATP Masters 1000 турнирін жеңіспен бастады. Бұл туралы Olympic.kz сайты хабарлады.
Қазақстандық теннисші алғашқы айналымда әлемнің бұрынғы үшінші ракеткасы, қазіргі кезде рейтингте 236-орында тұрған «Үлкен дулыға» турнирінің үш дүркін жеңімпазы, швейцариялық Стэн Вавринкамен кездесті. Жарақатына байланысты көптен бері ойнамаған 37 жастағы швейцариялық спортшының бұл соңғы 12 айдағы екінші ойыны еді. Бірінші партияны Александр брейкпен бастағанымен, Вавринка күш алып кетті – 6:3. Есесіне екінші сетте Бублик есе қайырды – 7:5. Шешуші, үшінші партияны қазақстандық спортшы брейкпен аяқтады – 6:2.
Бублик жалпы жүлде қоры 5,8 млн еуроға бағаланған мастерс жарысының үшінші айналымына шығу үшін әлемнің 19-ракеткасы, испаниялық Пабло Карреньо-Буста немесе рейтингте 66-сатыдағы аргентиналық Себастьян Баестің біреуімен таласады.