Елордада француз музыкасының кеші өтті

0
362

23 сәуірде Нұр-Сұлтанда Е. Рахмадиев атындағы мемлекеттік филармонияда LE PRINTEMPS ROMANTIQUE атты француз музыкасының кеші өтті.

Музыкалық кеш Қазақстан мен Франция арасындағы дипломатиялық қарым-қатынасқа 30 жыл толуына орай ұйымдастырылды. Қазақстандағы Франция өкілдері белгілі француз пианисті Давид Бисмутты өнер көрсетуге шақырған. Өнерпаз өзінің халықаралық сапарларында  түрлі музыкалық ұжымдармен шығармашылық қойылымдарында француз композиторларының музыкасына ерекше мән береді.

Музыкалық кешке дейін баспасөз брифингі өтті. Журналистер Давид Бисмут пен филармония өкілдеріне сұрақ қойды.

“Pianiste” журналының мәліметі бойынша, Давид Бисмут ең дарынды пианистердің бірі. Оның орындау мәнері тереңдігімен, нақтылығымен және поэтикалық бояуымен ерекшеленеді.

Франциялық пианист Давид Бисмут.

Симфониялық оркестрдің көркемдік жетекшісі Берік Батырханның айтуынша, концерт идеясы – көрерменге француз композиторлары Камил Сен-Санс, Сезар Франк және Жорж Бизенің симфониялық және фортепианолық туындыларын таныстыру.

Симфониялық оркестрдің көркемдік жетекшісі Берік Батырхан.

“”Le Printemps Romantique” концертін Қазақстандағы Франция елшілігімен бірге ұйымдастырдық. Жалпы, қазіргі уақытта түрлі ұйымдармен әріптестік байланыс орнату өте маңызды. Ынтымақтастық жаңа жобаларды ұйымдастыруға, жаңа музыканттарды, дирижерлер мен орындаушыларды шақыруға мүмкіндік береді. Мысалы, Қазақстандағы Испания елшілігімен оркестр орындаушысы Габриэль Уренья бірлесіп өнер көрсетті. Біз Францияның Қазақстандағы елшілігімен бірнеше жыл бойы әріптесбіз. Бұған дейін олармен бірге Жак Оффенбахтың “Сказки Гофмана” операсы қойылды, сондай-ақ симфониялық оркестрдің Франциядағы гастрольдері ұйымдастырылды”, – деді Берік Батырхан.

Өнерпаздар.

Музыкалық кеш астаналық филармонияға есімі берілген Еркеғали Рахмадиевтің шығармасымен ашылды. Композитор сонаталық цикл мен күйдің ерекшеліктерін біріктірген жаңа жанр – симфониялық күйдің негізін қалаушы. Бұл мәнерлі әрі әсерлі туынды.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз