Қазақстанда 5 маусымда референдум өтеді

0
318
Photo: Vlast.kz

5 мамырда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Конституцияға өзгеріс енгізу туралы республикалық референдум өткізу жөніндегі жарлыққа қол қойды. Референдум 5 маусымға белгіленді. 

“Конституция реформасы мемлекеттің барлық моделін кешенді түрде трансформациялауға бағытталған. Өзгерістер “суперпрезиденттік” басқару формасынан ықпалды парламент пен жауапты үкіметі бар президенттік республикаға өтуді көздейді” деді Тоқаев 5 мамырдағы видеоүндеуінде.

Өткен айдың соңында Қазақстан халқы ассамблеясының жиынында Қазақстан президенті Конституцияға өзгеріс енгізу бойынша референдум өткізу жөнінде ұсыныс тастаған.

Сәрсенбі күні мәжіліс депутаттары “Республикалық референдум туралы” заңның бюллетень формасына қатысты тұстарына өзгеріс енгізген. Сенатқа жіберілген заң жобасында “Республикалық референдум туралы” заңның 3-бабының 2-тармағына өзгеріс енгізу туралы ештеңе айтылмаған. Заңның бұл бабы Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың мәртебесін бүкілхалықтық референдумға шығаруға тыйым салатын.

5 мамырда түске дейін сенат Назарбаевтың мәртебесін референдумда қарауға тыйым салатын бапты алып тастап, заң жобасын мәжіліске кері қайтарды.

Сол күні мәжіліс сенат енгізген өзгеріске жылдам келісім берді. 3-баптың 2-тармағының жаңа редакциясында тек “елдің тәуелсіздігі мен унитарлығы, оның аумақтық тұтастығы, бсқару формасы” республикалық референдумға шығарылмайды” деп жазылған.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз