ОРК референдумның алдын ала қорытындысын жариялады

0
304
Орталық сайлау комиссиясының ғимараты. Photo: Sputnik.kz

6 маусымда Орталық референдум комиссиясы референдумның алдын ала қорытындысын жариялады. Оған сәйкес сайлаушылардың 77,18%-і Конституцияға енгізілетін түзетулерді қолдап дауыс берген. Елде дауыс беруге құқығы бар 11,7 млн адам бар.

Дауыс беруге келушілер көрсеткіші – 68,06%.

Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіровтың айтуынша, бюллетеньдерді есептеу Қазақстандағы және одан тыс жерлердегі 10 012 учаскеде аяқталды.

ОРК мәліметіне қарағанда, референдумға Қазақстанның дауыс беруге құқығы бар азаматтарының 68,06 пайызы қатысқан. Оның 77,18 пайызы Қазақстан конституциясына енетін өзгерістерді қолдаған, 18,66 пайызы “жоқ” деп дауыс берген.

Комиссия статистикасыбойынша, конституциялық өзгерісті ең көп қолдаған өңір – Нұр-Сұлтан қаласы. Дауыс берген қала тұрғындарының 79,59 пайызы өзгерісті қолдаған, 14,65 пайызы қарсы болған.

Өзгерісті ең аз қолдаған өңір – Алматы қаласы. Алматы тұрғындарының 65,22 пайызы қолдап, 27,41 пайызы “жоқ” деп жауап берген.

Кей өңірлерде 4,6 пайызға дейін бюллетень жарамсыз саналған. Екі жауап та белгіленіп, есепке алынбаған бюллетеньдер кей өңірде 2,7 пайызға жеткен.

Комиссия есебінше, Қазақстанда 11 миллион 734 мың 642 азаматтың дауыс беруге құқығы бар, оның 7 миллион 986 мың 293-і референдумға қатысқан.

Заң бойынша, дауыс беруге құқығы бар азаматтардың 50 пайыздан астамы қатысса, “референдум өтті” деп саналады.

5 маусымда Қазақстанда конституцияға түзетулер енгізу бойынша референдум өтті. Билік конституцияның үштен бірін яғни, 33 бапты өзгертуді ұсынды. Бюллетеньде “түзетулерді қолдайсыз ба?” деген жалғыз сұрақ бар.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз