Қазақстанға Сауд Арабия сыртқы істер министрі келді

0
246
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев және Сауд Арабия сыртқы істер министрі Фейсал бен Фархан Әл Сауд. Photo: Akorda.kz

Қазақстанға 6 маусым күні Сауд Арабия сыртқы істер министрі Фейсал бен Фархан Әл Сауд келді. Ол алдымен Қазақстан сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердімен кездесті. Кейін Ақордаға барып президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында болды. 

Қазақстан және Сауд Арабия сыртқы істер министрлері. Photo: MFA Qazaqstan

Қазақстан сыртқы істер министрлігінде министр Мұхтар Тілеуберді Фейсал бен Фархан Әл Саудпен 2021 жылғы қыркүйекте Нұр-Сұлтан қаласында өткен үкіметаралық комиссияның 5-ші отырысының және қазақстандық-сауд инвестициялық форумының қорытындылары туралы сөйлескен. Олар өңіраралық ынтымақтастықты нығайтуға, көлік-логистика және энергетика салаларындағы өзара іс-қимылға, азық-түлік қауіпсіздігі мәселелеріне ерекше назар аударған. Сондай-ақ, Қазақстан мен Сауд Арабиясының БҰҰ, ИЫҰ және басқа да халықаралық ұйымдар желісі бойынша өзара іс-қимылы, оның ішінде екі елдің түрлі халықаралық құрылымдардағы бастамаларына өзара қолдау көрсетуге келіскен.

Сауд Арабия сыртқы істер министрі бастаған делегация Ақордада президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездескен сәт. Photo: Akorda.kz

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Сауд Арабия сыртқы істер министрімен кездесуде ауыл шаруашылығы, мұнай химиясы, туризм, тау-кен металлургиясы және қаржы салаларындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру үшін қолайлы инвестициялық мүмкіндіктердің бар екеніне назар аударған.

Мемлекет басшысы Қазақстан мен Сауд Арабиясының үкіметаралық комиссиясы мен Іскерлік кеңестің жұмысын жандандыру маңызды екеніне тоқталған. Сондай-ақ тиісті келіссөздерді жүргізу үшін өкілетті үкімет делегациясын Эр-Риядқа жіберуге дайын екенін айтты.

Бұдан бөлек президент Тоқаев Мекке мен Мединеде қазақстандық қажыларға қажетті жағдай жасалатыны және дәстүрлі қонақжайлық көрсетілетіні үшін Корольдіктің басшылығына ризашылығын білдірді.

Фейсал бен Фархан Сауд Арабиясы Королі мен тақ мұрагерінің президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа және Қазақстан халқына жолдаған сәлемін жеткізген.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз