2 қыркүйекте Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен Дархан Қыдырәлі ақпарат және қоғамдық даму министрі болып тағайындалды.
Ал бұған дейін осы министрлікті шамамен тоғыз айдай басқарған Асқар Омаров қызметінен босатылып, президент жанындағы “Орталық коммуникациялар қызметі” республикалық мемлекеттік мекемесінің директоры болды.
Бүгін Ақорда Тоқаевтың Қыдырәліні қабылдағанын жазған. Кездесуде Қыдырәлі президентке Монғолияның Арханғай аймағы Номғон жазығындағы ғылыми археологиялық экспедиция жұмыстары кезінде табылған Құтлық Елтеріс қағанға арналған кешен мен жазулар туралы баяндаған.
Дархан Қыдырәлі бұған дейін түркі академиясының президенті, “Егемен Қазақстан” акционерлік қоғамының басқарма төрағасы болған еді. Бұл акционерлік қоғамға елдегі билікшіл газет “Егемен Қазақстан” қарайды. Бұған қоса, ол – билікшіл “Аманат” партиясы (бұрынғы “Нұр Отан”) саяси кеңесі бюросының мүшесі.