Қостанай облысында төтенше жағдай жарияланды

0
186
Орман өрті.

Қостанай облысында орман өртіне байланысты жергілікті деңгейде төтенше жағдай жарияланды. Бұл туралы Қостанай облысы әкімдігінің ресми сайты хабарлады.

Әкімдік ақпаратына қарағанда, “облыс әкімдігі резервінен зардап шеккендерге көмек көрсетілген”. Қаржы бірінші кезекте жатын орын мен тамаққа жұмсалған. Эвакуацияланған 1800 адамның 200-ге жуығы мектептерге орналастырылған. Көбі қауіпсіз екеніне көзі жеткен соң үйлеріне оралған. Кейбірі туыстарын паналаған.

Өрт жайылған бірнеше елді мекенде 108 ғимаратты өрт шалып, 98-і толық өртенген. Бұған дейін билік үйлері өртенген және бүлінген азаматтарға баспана жағынан көмектесуге уәде берген.

ТЖМ хабарлауынша, 4 қыркүйек түскі сағат 1-дегі жағдай бойынша, екі елді мекен және М-36 республикалық трассасы бойында, сонымен бірге орман аймағының 8 учаскесінде өрт сөндіріліп жатыр. Өртті сөндіруге 111 техника, 5 әуе кемесі, 5 өрт пойызы, жеке құрамның 703 адамы жұмылдырылған.

Министрлік осыған дейін он адамның жеңіл және орта дәрежедегі жарақатпен ауруханаға жеткізілгенін, төртеуі стационарға жатқызылғанын хабарлаған. Аманқарағай ауылында өртенген үйлердің бірінен 1936 жылы туған адамның мәйіті табылған. Министрліктің айтуынша, оған “эвакуация жөнінде инспекторлар хабар бергенмен, басқа жаққа кетуден бас тартқан”.

Әлеуметтік желіде Қостанай облысында өрттен зардап шеккен тұрғындарға көмектесу үшін арнайы есепшоттар ашылып жатыр. Кейбір еріктілер жолға да шыққан. Тұрғындар азаматтарға қажетті заттар, дәрі-дәрмек, азық-түлік жинап жатыр. Мұндай бастаманы түрлі ресми, ресми емес ұйымдар мен партиялар да көтеріп жатыр.

Қостанай облысында 2 қыркүйекте Қазанбасы ауылынан 20 шақырым жерде орманда өрт шығып, жайыла бастаған. Кейін өрт аумағы ұлғайып, жақын маңдағы бірнеше елді мекенді өрт шалды. 1,8 мыңнан астам адам эвакуацияланды: Озерное (250 адам), Аманқарағай (1000 адам), Калинино (228 адам), Лесное (363 адам). Төтенше жағдай министрлігі өрт сөндіруге 36 градус ыстық пен жел кері әсерін тигізіп жатқанын айтқан.

Төтенше жағдай министрлігінің хабарлауынша, өрт аумағы 43 мың гектардан асқан. Сенбі күні түнде оның аумағы 9 мың гектар деп айтылған еді.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз