Он жылдан кейін олимпиада жүлдегері 65 мың доллар сыйақысын алады

0
148
фото: prosports.kz, Дәулет Шабанбай

2012 жылы Лондонда өткен Олимпиаданың қола жүлдегері Дәулет Шабанбайға мемлекет 65 мың доллар сыйақысын төлейді, деп хабарлайды Kazaknews.kz тілшісі мәдениет және спорт министрлігіне сілтеме жасап. 

Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев Олимпиада жеңімпазы Дәулет Шабанбаймен кездесіп, еркін стильдегі (120 кг дейін) қазақстандық палуанды лайықты марапаты – “Лондон-2012” қола медалімен құттықтаған. 

“Мен барша қазақстандықтарды ел қоржынына түскен Олимпиаданың қола медалімен құттықтаймын. Спортшымыз жүлдегер атанды, 10 жылдан кейін медаль алды және бұл өте маңызды оқиға. Әділдік салтанат құрды, бабы келіскен батырымыздың кәсібилігінің арқасында бағы жанды”, – деп жазған мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев Facebook-тегі парақшасында. 

фото: tg/Mast news, Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев және Олимпиада жеңімпазы Дәулет Шабанбай

 
Сондай-ақ, Дәулет Шабанбайға 65 000 $ көлемінде мемлекеттік сыйақы төлеу туралы шешім қабылданған. Бұрын ол 10 мың доллар алған.

Естеріңізге сала кетейік, Халықаралық Олимпиада комитеті допинг қолданғаны үшін Өзбекстан чемпионы Артур Таймазов пен Грузия чемпионы Давид Модзманашвилиді Олимпиададан шығару туралы шешім қабылдаған. 
 
Олимпиада жүлделерін қайта бөлу нәтижесінде Дәулет Шабанбай қола медальға ие болды.

Лондон-2012 Олимпиадасының еркін күрестен жүлдегерлер нәтижесі

Олимпиадада алтын және күміс медаль иеленген Артур Таймазов пен Давид Модзманашвилидің нәтижесі жойылғаннан кейін қола медаль алған ресейлік және ирандық қос палуан бірден алтын медаль иегері атанды. Ал бесінші және алтыншы орында орналасқан палуандар тиісінше қола медальге ие болды. 

Артур Таймазовтың нәтижесін жою туралы шешімді халықаралық олимпиада комитеті 2019 жылы шығарған. Спортшының допинг-сынамасын қайта тексеру кезінде дегидрохлорметил тестостерон анықталған. Давид Модзманашвилиде дәл осындай айыппен 2019 жылы жүлдесінен айырылып, олимпиададан шеттетілген. 

27 шілде мен 12 тамыз күндері аралығында Лондонда өткен ХХХ жазғы Олимпиада ойындары еліміз үшін жетістіктерге толы болды. Ел үмітін арқалаған спортшыларымыз үлкен жетістікке жетіп, ел мерейін үстем етті.

Лондон Олимпиадасының алғашқы жарыс күні еліміз үшін алтынмен басталды. Велоспорттан 250 шақырымдық қашықтықта Александр Винокуров топ жарып, Олимпиада чемпионы атанды. Екінші жарыс күні ауыр атлет Зүлфия Чиншанло әлем және олимпиада рекордын жаңартты. Қазақстан спортшыларының қоржынына екінші алтын медаль түсті. Ал, жарыстың төртінші күні Қазақстан қоржынына 3-ші алтын медаль түсті. Оны тағы да ауыр атлеттеріміз алды. Олимпиада чемпионы атанған Зүлфия Чиншанлоның жеңісті жолын Майя Манеза жалғастырды. Тек алтын медаль үшін күресуге уәде берген қазақстандық спортшы Светлана Подобедова сөзінде тұрып, Қазақстан қоржынына төртінші алтын медаль салды. Лондон Олимпиадасында ең үздік нәтижеге қол жеткізген ол, 291 келіні бағындырып, олимпиадалық рекорд орнатты. Илья Ильин 94 келіге дейінгі салмақ санатында 418 келіні бағындырып, әлемдік және олимпиадалық рекорд орнатты. Осылайша, Қазақстан қоржынына 5-ші алтын медаль салынды. Жұлқа көтеруде 185 келіні бағындырған Илья, серпе көтеруде 233 келіні бағындырып, жаңа әлемдік рекорд орнатты. Екі жаттығудың жалпы көрсеткіші 418 келі. Осылайша, Қазақ елінің спортшысы әлемдік рекордты жаңалады. Қазақстандық спортшы Ольга Рыпакова үштеп секіруден 14,98 метрге секіріп, үздік нәтижеге қол жеткізді. Олимпиада чемпионы атанған Ольга еліміздің қоржынын тағы да бір алтын медальмен толықтырды.

Алтыннан өрілген жолды қола медальдар жалғастырды. 84 келіге дейінгі салмақта белдескен палуанымыз Даниал Гаджиев Олимпиада ойындарының 10-шы күні қола жүлдеге иелік етті. Ал, 8 тамыз күні боксшы Марина Вольнова Лондон Олимпиадасының екінші қола медалін қоржынға салды. Қазақстан құрамасының 91 келіден жоғары салмақ дәрежесіндегі боксшысы Иван Дычко ХХХ жазғы Олимпиада ойындары бокс турнирінің ширек финалында Ұлыбритания спортшысы Энтони Джошуаға 13:11 есебімен есе жіберіп, 4-ші қола медальді ел қоржынына салды. Ал, Лондон Олимпиадасының соңғы күні боз кілемге көтерілген еркін күрес шебері Ақжүрек Таңатаров қола медаль үшін белдесуде түрік палуаны Рамазан Сахинмен күресіп, жеңімпаз атанды.

Сондай-ақ, соңғы олимпиадалық күні 81 келіге дейінгі салмақ санатында күш сынасқан боксшы Әділбек Ниязымбетов финалда ресейлік спортшы Егор Мехонцевпен қолғап түйістірді. Нәтижесінде, Әділбек Лондон Олимпиадасының күміс жүлдегері атанып, ел қоржынындағы бірінші күміс медальді еншіледі.

69 келіге дейінгі салмақ санатында ұлыбританиялық боксшы Фредди Эванспен жұдырықтасқан қазақстандық Серік Сәпиев қарсыласын ойсырата жеңіп, 7-ші алтын медальмен Олимпиада ойындарының соңғы күнін қорытындылады.

Сонымен, еліміздің қоржынында 7 алтын, 1 күміс, 5 қола медаль. Жалпы жүлде қорында 13 медалі бар Қазақстан 12-ші орынды иеленді.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз