Орталық Азия сыртқы істер министрлері АҚШ мемлекеттік хатшысымен кездесті

0
155
Орталық Азия сыртқы істер министрлері және АҚШ мемлекеттік хатшысы. Photo: MFA Qazaqstan

БҰҰ Бас Ассамблеясының 77-ші сессиясы аясында Қазақстан сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді, АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен мен Орталық Азия елдерінің сыртқы саяси ведомстволары басшылары С5+1 форматында кездесті.

СІМ баспасөз қызметінің хабарлауынша, тараптар өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді, сондай-ақ өңір елдері мен АҚШ арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту жөніндегі бірлескен күш-жігерді талқылаған.

Кездесуге қатысушылар қол жеткізілген уағдаластықтарды институционалдық қолдауды және үйлестірілген іске асыруды қамтамасыз етуге арналған С5+1 виртуалды хатшылығының іске қосылуын құптады.

Қазақстан сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкенмен сөйлесіп тұр. Photo: MFA Qazaqstan

Қазақстан сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді өз сөзінде өңірдің тұрақты дамуы мен тұрақтылығын арттыру мақсатында ішкі өңірлік диалогты нығайтудың маңыздылығына тоқталған.

“Қазақстан өңірлік қауіпсіздік, климаттық өзгерістердің жағымсыз салдарына қарсы іс-қимыл жасау, су ресурстарын ұтымды пайдалану, әйелдердің экономикалық мүмкіндіктерін кеңейту және адами капиталды дамыту мәселелерін бірлесіп шешуге барынша күш салады”, – деп атап өтті СІМ басшысы.

Жиын соңында Қазақстан сыртқы саяси ведомствосының басшысы келесі кездесуді Қазақстанда өткізуді ұсынған.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз