6 қарашада футболдан Қазақстан премьер лигасының соңғы турының ойындары өтті. Нәтижесінде Астана ФК бірінші орын, Ақтөбе ФК екінші орын, ал үшінші орынды қостанайлық Тобыл иеленді, деп хабарлайды Kazaknews.kz тілшісі.
Чемпионаттың тағдыры соңғы турдағы ойындардың қорытындысына байланысты болды. Елордалық клуб сырт алаңда қарағандылық Шахтерды 2-3 есебімен ұтты. Ақтөбеліктер өз алаңында Қайрат клубын қабылда 4-1 есебімен жеңіске жетті. Ал, үшінші орынды иеленген қостанайлықтар 1-3 есебімен Ақжайық командасын сырт алаңда тізе бүктірді. Лиганы 13 және 14 орынмен аяқтаған Тұран және Ақжайық клубтары бірінші лигаға түсті. Бірінші лигадан тиісінше 1 және 2 орын алған Қайсар мен Оқжетпес премьер лигаға жолдама алды.
Чемпионаттың аяқталуына 4 тур қалғанда жанкүйерлер арасында матчтардың келісім арқылы ойналып жатқаны және төрешілердің ойын тағдырын елордалық клубтың ыңғайына қарай шешіп жатқаны туралы наразылық көбейді. Мысалы кейбір клубтардың Астанаға қарсы ойынға негізгі құрамның ойыншыларын жарақат алды деп шығармауы және Астананың пайдасына қарсыластарға 11 метрлік айып добын қоюы секілді жанкүйерлер арасында пікірлер туындады. Дегенмен Қазақстан футбол федерациясы бұл секілді сұрақтарға ішінара жауап берді. Ал қазіргі Қызылжар клубының жаттықтырушысы, кезінде Астананың жастар құрамасының жаттықтырушысы болған Али Алиев, Астанаға қарсы неліктен негізгі құрамның ойыншыларын шығармағанына түсініктеме жасады.
“Бізге премьер лигадаға орнымызды сақтап қалу маңызды болды. Қорғаушыларымыздың ішінде жарақат алмаған үш ойыншымыз қалды. Осыған байланысты тәуекел етпедік. Бір апта бойы қай ойынға ерекше маңыз беру керек екенін ойладық. Соңында негізгі құрам ойыншыларын жеңіске ынтасыз болған Каспий клубына қарсы шығару туралы шешім қабылдадық. Біз осы ойынға дайын болуымыз керек еді. Егер Астанаға қарсы негізгі құрам ойыншылары алаңға шыққанда ауа райының суықтығына байланысты жарақат немесе сары қағаз алып қалуы мүмкін еді”, – деп түсіндірді Али Алиев.