Украина президенті Владимир Зеленский Қасым-Жомарт Тоқаевты кезектен тыс президент сайлауында жеңіске жеткенімен құттықтады. Бұл туралы Зеленский Twitter желісінде жазды.
“Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен телефонмен сөйлескенде кезектен тыс президент сайлауындағы сенімді жеңісімен құттықтадым. Екі ел арасындағы қарым-қатынасты әрі қарай дамытуға ниетті екенімізді білдірдім. Қазақстанға гуманитарлық көмек үшін алғыс айттым” деп жазды Зеленский Twitter-де.
Қазақстан Ресейдің Украинаға басып кіргенін ашық айыптамаған я қолдамаған. Бірақ билік Ресейдің басқыншылығын айыптайтын бейбіт митингіге рұқсат берген еді. Бұған қоса Қазақстанда азаматтар Украинаға бірнеше рет гуманитарлық көмек жіберген. Ал Тоқаев Санкт-Петербургтегі экономикалық форумда Ресей президенті Путиннің көзінше Қазақстан Украинаның шығысындағы “ДХР” және “ЛХР” жікшіл аймақтарының “тәуелсіздігін мойындамайтынын” ашық айтқан.
Елдің орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, Тоқаев 20 қарашада болған кезектен тыс президент сайлауында 81,3 пайыз дауыс алып, 7 жылға президент болып сайланды. ОСК төрағасы Нұрлан Әбдіров “кезектен тыс сайлау заңға сай өтті, Қасым-Жомарт Тоқаев – халық сайлаған президент” деді.
Бұған дейін Тоқаевты Ресей президенті Владимир Путин, Орталық Азия елдерінің басшылары, Иран президенті Ибрахим Раиси, Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған, Әзербайжан басшысы Илхам Әлиев және Қытай басшысы Си Цзиньпин құттықтаған.