Орталық сайлау комиссиясы 14 қаңтарда өткен Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттарын сайлаудың қорытындыларын жариялады, деп хабарлайды Kazaknews.kz тілшісі.
«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 28 қыркүйектегі Конституциялық заңының 12, 44, 77 және 81-баптарына сәйкес және 2023 жылғы 14 қаңтарда өткен Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттарын сайлау жөніндегі дауыстарды санаудың нәтижелері туралы облыстық, Астана, Алматы және Шымкент қалалары сайлау комиссияларының қоса беріліп отырған хаттамалары негізінде Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттарын сайлау өтті деп танылсын.
2. Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының сайланған депутаттары болып есептелсін:
Абай облысынан – Қайрат Құлбайұлы Тастекеев;
Ақмола облысынан – Талғат Тұрлыбекұлы Жүнісов;
Ақтөбе облысынан – Амангелді Шайхоллаұлы Нугманов;
Алматы облысынан – Жанболат Әкебайұлы Жөргенбаев;
Атырау облысынан – Әлібек Ибатоллаұлы Нәутиев;
Батыс Қазақстан облысынан – Арман Кәрімұлы Өтеғұлов;
Жамбыл облысынан – Сәкен Қаланұлы Арубаев;
Жетісу облысынан – Амангелді Ғабдылкәрімұлы Толамисов;
Қарағанды облысынан – Серік Балғатайұлы Өтешов;
Қостанай облысынан – Ғауез Торсанұлы Нұрмұхамбетов;
Қызылорда облысынан – Руслан Рүстемов;
Маңғыстау облысынан – Бекбол Тілеумұратұлы Орынбасаров;
Павлодар облысынан – Ернұр Нұрмұханұлы Әйткенов;
Солтүстік Қазақстан облысынан – Гүлмира Раинбекқызы Кәрімова;
Түркістан облысынан – Мұрат Болатұлы Қадырбек;
Ұлытау облысынан – Советбек Тұрсынұлы Медебаев;
Шығыс Қазақстан облысынан – Шәкәрім Сабырұлы Бұқтұғұтов;
Астана қаласынан – Бибігүл Нұрғалиқызы Жексенбай;
Алматы қаласынан – Жанна Бейсентайқызы Асанова;
Шымкент қаласынан – Нұрлан Құдиярұлы Бекназаров.
3. 2023 жылғы 14 қаңтарда болған Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттарын сайлаудың қорытындылары туралы хабар бұқаралық ақпарат құралдарында осы қаулыға қосымшаға сай жариялансын.
Сайлау Қазақстанның 17 облысында, Астана, Алматы және Шымкент қалаларында өтті. Оған 55 кандидат дауысқа түсті. 3167 таңдаушының 2904 немесе 91,7 пайызы дауыс беруге қатысқан.