Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қатар Әмірі шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәнимен телефон арқылы сөйлесті, деп хабарлайды Kazaknews.kz тілшісі.
Мемлекет басшылары бір-бірін қасиетті Рамазан айының басталуымен құттықтап, Қазақстан мен Қатар халқына бақ-береке тіледі.
Әңгімелесу барысында сауда-экономикалық, инвестициялық және гуманитарлық саладағы екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайту перспективасы талқыланған. Сондай-ақ Қатар Әмірінің былтыр қазан айында Астанаға жасаған мемлекеттік сапары барысында қол жеткізілген уағдаластықтарды тиімді жүзеге асыру мәселесіне ерекше назар аударылған.
Тараптар екі ел арасындағы өзара сауда-саттық қарқынын сақтауға және қаржы саласындағы инвестициялық жобаларды іске асыруға ниетті екенін растады.