Қазақстан мен Әзербайжан президенті шағын және кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді, деп хабарлайды Kazaknews.kz тілшісі.
Қасым-Жомарт Тоқаев шақыруын қабыл алып, Астанаға ресми сапармен келгені үшін Ильхам Әлиевке алғыс айтты.
“Былтыр тамыз айында мен Бакуге сапармен бардым. Бұл сапарым аса нәтижелі болды және екіжақты қатынастарға тың серпін берді. Біз Кавказ аймағында жетекші рөл атқаратын Әзербайжан мемлекетімен экономикалық қатынастар мен ынтымақтастықты дамыту үшін ауқымды жұмыс жүргізуді көздеп отырмыз. Біздің арамызда ешқандай мәселе жоқ”, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ал, Ильхам Әлиев алдымен Тоқаевқа шақырғаны үшін алғысын білдірді.
“Жалпы, біз барша Қазақстан халқының елімізге деген ыстық ықыласын әрқашан сезініп келеміз. Өзіңіз айтқандай, біздің елдеріміздің бір-біріне деген бауырластық ниеті шынайы. Бұл – екіжақты ынтымақтастықты дамытуға жақсы негіз. Ынтымақтастық бағыттарына келетін болсақ, оларды санамалауға біраз уақыт кетеді. Өйткені ол қоғамның барлық саласын қамтиды. Әрине, қазіргі жағдайда сауда-экономикалық және инвестициялық жобалар, сондай-ақ көлік-логистикалық инфрақұрылымға қатысты жобалар басымдыққа ие”, – деді Әзербайжан президенті.
Мемлекет басшысы екі ел арасындағы ынтымақтастықты нығайту үшін Әзербайжан Президентінің бұл сапарының маңызы зор екенін айтты.
«Біз былтыр Стратегиялық қатынастарды нығайту және одақтастық ынтымақтастықты тереңдету туралы декларацияға, сондай-ақ Ынтымақтастықты дамытудың 2026 жылға дейінгі кешенді бағдарламасына қол қойдық. Бүгін тағы бірқатар маңызды құжат қабылданады. Сонымен қатар Сіздің бүгінгі сапарыңыз аясында ынтымақтастығымыздың саяси тұғырнамасына тың серпін беретін Жоғары мемлекетаралық кеңес құрамыз. Бұл екіжақты қатынастарға тың серпін беретіні сөзсіз», – деді Президент.
«Сауда-экономикалық ынтымақтастығымыздың айтарлықтай ілгерілеп келе жатқанына көңіл толатынын айтқым келеді. Бүгін атап өткеніміздей, тауар айналымы 40 пайызға артып, жарты миллиард долларға жетті. Бұл үлкен нәтиже деп ойлаймын. Экономикалық әлеуетіміз толық пайдалана отырып, бұл көрсеткішті 1 миллиард долларға дейін жеткізетінімізге сенімдімін. Бұл үшін бізде энергетика, көлік, логистика, IT, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп және тағы басқа салаларда айтарлықтар резервтер бар», – деді Мемлекет басшысы.