Президент Нұрсұлтан Назарбаев Солтүстік Кореяны ядролық қарудан бас тартуғы шақыра отырып, Қазақстан Корей түбегіндегі мәселелерге байланысты келіссөз алаңын ұсынуға дайын екенін мәлімдеді.
Мемлекет басшысы
«Біз тәуелсіз мемлекет ретінде ядролық қарудан бас тарттық. Сол арқылы халықаралық беделімізді арттырып, ядролық державалардан шабуыл жасамау кепілдігін алдық»,
– дей отырып, Корей Халық Демократиялық Республикасын біздің жолымызбен жүруге шақырды.
Елбасы Корей түбегіндегі қазіргі оқиғаларда терең қарама-қайшылықтың бар екенін алға тартып
«Халықаралық қарым-қатынасқа саяси сенім мен жүйелі диалогты міндетті түрде қайтару керек. Осы орайда мүдделі тараптарды Солтүстік Корея мәселесін жылдам әрі конструктивті жолмен шешуге шақырамыз. Сенім ахуалын қалыптастырудың маңызды талабы ретінде «ядролық бестіктің» Корей Халық Демократиялық Республикасының қауіпсіздігіне кепілдік беруін және Пхеньянның келіссөз үстеліне оралуын қолдаймыз. Қажет болған жағдайда, Қазақстан мүдделі тараптар үшін келіссөз алаңын ұсынуға дайын»,
– деп мәлімдеді.