Қарапайым азамат өз құқығын қорғай алу үшін бірден заңгерге жүгінуге міндетті емес. Бар болғаны қажетті заңды ғаламтордан тауып оқыса жеткілікті. Алайда құқық саласынан хабары жоқ адамға мұны түсіну бастапқыда оңай болмайды.
Алғашқы қадам ретінде заң мен кодекстер жиынтығын төмендегі сілтемеден көре аласыздар. Одан кейін ішінен керегін тауып, мұқият оқыған абзал.
Заңдарды оқу үшін осында басыңыз.
Кодекстерді оқу үшін осында басыңыз.
Заңды кітап түрінде кітапханалардан немесе ғаламтор арқылы әділет министрлігінің сайттарынан табуға болады.
Әр жыл сайын қазақстандықтар 30 тамызда Конституция күнін атап өтеді. Қазақстан Республикасының Конституциясы — еліміздің ата заңы. Бұл Конституция 1995 жылы 30 тамыз күні жалпыхалықтық Референдум негізінде қабылданып, 5 қыркүйек күні өз күшіне енген. Конституция 9 тараудан, 99 баптан тұрады.
1995 жылы 30 тамызда республикада бүкілхалықтық референдум өтті. Дауыс беру еліміздің қалалары мен ауылдарындағы 10253 сайлау учаскелерінде жүрді. Бұл Конституцияның, 1993 жылғы Конституциядан айырмашылығы оның мазмұнының сапасында еді. Жаңа Конституцияға алғаш рет азаматтың құқығына қатысты ғана емес, адам дүниеге келген сәттен одан ажырамас құқықтарына да қатысты нормалар енді. Ол бойынша Қазақстан Республикасы парламенттіктен президенттік жүйеге ауысты.
Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы Конституциясы 1993 жылы 28 қаңтарда ХІІ шақырылған Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің ІХ сессиясында қабылданған. Ол кіріспеден, 4 бөлім, 21 тарау және 131 баптан тұрды.
1995 жылы қабылданған Ата заңға 1998, 2007 және 2011 жылы өзгерістер енгізілді. Кейінгі өзгеріс 2022 жылы 5 маусымда республикалық референдум болды. Жалпы алғанда, референдумда заңның 33 бабына 56 өзгеріс енгізілді. Мемлекетте, суперпрезиденттік басқару үлгісінен президенттік республикаға түбегейлі көшті.
Жалпы Қазақстан Республикасының заңдары бірнеше топқа бөлінеді:
- Заң — аса маңызды қоғамдық қатынастарды реттейтiн, Конституцияның 61-бабының 3-тармағында көзделген түбегейлi принциптер мен нормаларды белгiлейтiн, Қазақстан Республикасының Парламентi, ал Қазақстан Республикасы Конституциясы 53-бабының 3 тармақшасында көзделген жағдайларда Қазақстан Республикасының Президенті қабылдайтын нормативтiк құқықтық акт.
- Заңнамалық акт — конституциялық заң, президенттің конституциялық заң күшi бар жарлығы, сенат пен мәжiлiстiң қаулылары;
- Заңға тәуелдi нормативтiк құқықтық актiлер — заң актiлерi болып табылмайтын, Конституция мен заң актiлерiнiң негiзiнде және соларды орындау үшiн шығарылған, өзге де нормативтiк құқықтық актiлер;
- Заңнама — белгiленген тәртiппен қабылданған нормативтiк құқықтық актiлердiң жиынтығы;
- Кодекс — осы Заңның 3-1-бабында көзделген бiртектес аса маңызды қоғамдық қатынастарды реттейтiн құқықтық нормалар бiрiктiрiлiп, жүйеге келтiрiлген заң;
- Конституциялық заң — Қазақстан Республикасы Конституциясында конституциялық деп аталған, конституцияның 62-бабының 4-тармағында белгiленген тәртiппен қабылданатын заң.
Ата заңның бірінші бабында көрсетілгендей: «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары». Әрбір қазақстандық заңмен қазіргі таңда оңай таныса алады. Өз құқығыңызды білген ешқашан артық етпейді.
Құрметті қазақстандықтар, сіздерді Конституция күнімен құттықтаймыз!