Еуро-2024: Хельсинкидегі тарихи камбэк 

0
73

Футболдан Қазақстан құрамасы Еуро-2024 іріктеу ойындарында Финляндияға қарсы матч өткізді. Футболшыларымыз 12 минутта камбэк жасап, яғни, 0:1 есебімен жеңіліп келе жатып, 1:2 есебімен басым түсті. Атап өтер жәйт, Қазақстан командасы камбэк былай тұрсын, Финляндияны тұңғыш рет жеңіп отыр. 

Ойын алғашқы минуттардан-ақ алаң иелерінің басымдығымен өтті. 28-минутта Финляндия жартылай қорғаушысы Роберт Тейлор айып добынан есеп ашып, командасын алға шығарды. Финдіктер бір голмен тоқтап қалғысы келмеді. Шабуылды үдете түсті. Допқа толығымен иелік ете бастады. Алайда, бірде қорғаушыларымыз, бірде қақпашымыз сәтті ойнап, қақпа торын жан-тәнімен қорғады. 

Екінші таймда Қазақстан ұлттық құрамасы басқа ойын көрсетті. Шабуылды жиілете түсті. Есеп теңестіруге мүмкіндіктер пайда бола бастады. Сондай мүмкіндіктердің бірі қарсылас қақпасының маңайынан айып добын орындау барысында туды. Алыстан асырған доп қарсыластардың қолына тиіп, төреші пенальти белгіледі. Ал оны 77-минутта Бахтиёр Зайнутдинов сенімді, әрі сәтті орындады. Бұл жігіттерді тағы да жігерлендіре түсті. Нәитижесінде, 90-минутта Рамазан Оразовтың бұрыштамадан асырған добын Бахтиёр Зайнутдинов баспен қақпа  торына тоғытып, құрамаға өте маңызды жеңісті сыйлады. 

Осылайша, Қазақстан ұлттық құрамасы H тобында 15 ұпай жинап, Еуро-2024 турниріне тікелей жолдама алу үшін тағы бір қадам жасады. Алда 17 қараша күні өз алаңында Сан-Маринонаға қарсы және 21 қараша күні Словенияға қарсы ойын өткізеді.

Айта кету керек, Финляндияға қарсы ойында екі гол соғып, дубль жасаған Бахтиёр Зайнутдинов Қазақстан ұлттық құрамасының сұрмергендері тізімінде 14 голмен көш бастады. 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз