18 қазанға қараған кеште Газа секторында «Әл-Әхли» ауруханасына зымыранмен соққы жасалды. Салдарынан 500-ден астам адам қайтыс болған. Оның көп бөлігі балалар болды. Бұдан бөлек қираған ғимараттың астында қалып қойғандар да бар.
«Настоящее время» агенттігінің мәліметі бойынша Палестина денсаулық сақтау министрлігі бұл соққыны Израиль әскери күші (ЦАХАЛ) жасады дейді. Ал, ЦАХАЛ өкілі Даниель Хагари бұл іске Израиль әскерінің еш қатысы жоқ екенін, керісінше оқиғаға «Исламдық жиһад» ұйымының зымыранды сәтсіз іске қосуы себеп болғанын айтты.
Айта кетейік, бұған дейін Израиль әскері Газа секторында арнайы әскери операция жасауға дайындалып жатқан еді. Алайда шабуыл жасамас бұрын, Газа секторын жиі бомбалады.
Қайғылы оқиғадан кейін Палестина әкімшілігінің басшысы Махмуд Аббас үш күндік аза тұту жариялады.
Қайғылы оқиғаға әлемнің реакциясы қандай?
Осы жаңалықтан кейін, Иордания 18 қазанда АҚШ президенті Джо Байденнің қатысуымен жоспарланған төрт жақты саммитті өткізуден бас тартты. Ақ үй сонымен қатар Байденнің, Иорданияға сапарының тоқтатылғанын да растады. Бұған дейін саммитке қатысудан Махмуд Аббас бас тартқан. Байден мен Аббастан басқа, саммитке Египет президенті Абдель-Фаттах ас-Сиси мен Иордания Королі Абдалла II қатысуы керек еді.
Египеттің сыртқы істер министрлігі халықаралық қауымдастықты Газа секторындағы жағдайға шұғыл араласуға шақырды. Канада премьер-министрі Джастин Трюдо бұл оқиғаны “сұмдық және өте өрескел әрекет” деп атаған. Иордания бұл соққыны айыптаса, ал Түркия президенті Режеп Ердоған “Газадағы бұрын-соңды болмаған қатыгездікті” тоқтатуға шақырды. Катар СІМ Израильдің “ауруханаларға, мектептерге және басқа да елді мекендерге” жасаған шабуылдары қақтығысты өршіту деп мәлімдеді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бас директоры Тедрос Аданом Гебреисус ДДСҰ бейбіт тұрғындар мен денсаулық сақтау мекемелерін дереу қорғауға, сондай-ақ Газа тұрғындарын эвакуациялау туралы израильдік бұйрықты жоюға шақырады деп жазды.