Тәттіге тәуелділікпен қалай күресуге болады?

0
11
фото: google

Қазіргі таңда тәтті тағамдардың барлығы дерлік қантқа бай. Қант адамға тек тәуелділік тудырып қана қоймай, денсаулыққа елеулі зиян келтіреді. Көп жағдайда біз тәттіні жай ғана дәм үшін тұтынамыз, алайда оның салдары туралы ойлана бермейміз.

Тәтті тағамдардың түрі өте көп: кондитерлік өнімдер, шоколад, кәмпиттер және түрлі десерттер. Бұл өнімдердің басым бөлігінде қантпен қатар химиялық қоспалар да кездеседі. Әсіресе, қазіргі нарықтағы танымал шоколадтардың құрамында зиянды заттар жиі ұшырасады. Мысалы, кең таралған Kinder Bueno шоколадын алатын болсақ, оның құрамында қанттың көп мөлшері, өсімдік майлары, какао майының алмастырғыштары мен жасанды хош иістендіргіштер бар. Мұндай бір ғана шоколад адамға қажетті күндік қант мөлшерінің үштен біріне тең.

Тәтті тағамдарды тұрақты түрде тұтыну бірқатар ауруларға алып келуі мүмкін. Олардың қатарында преддиабет, холестерин деңгейінің жоғарылауы және инсулинге төзімділік бар. Сонымен қатар, Техас университетінің MD Anderson Cancer Center зерттеулеріне сәйкес, батыс елдеріндегі қантқа бай диета ісік ауруларының даму қаупін арттырады. Зерттеу барысында тышқандарға қант мөлшері жоғары тағамдар беріліп, нәтижесінде сүт безі ісіктерінің жиі әрі тез дамығаны анықталған.

Осы тұста «Тәттіге тәуелділіктен қалай арылуға болады?» деген сұрақ туындайды. Ең алдымен, тәттіге деген құмарлықтың себебін түсіну қажет. Дәрігерлердің айтуынша, тәттіге әуестік көбіне магний мен хромның жетіспеушілігінен пайда болады. Сондықтан бұл элементтерге бай тағамдарды тұтынған жөн. Олардың қатарына асқабақ тұқымдары, брокколи, алма және қара шоколад жатады.

Тәттіден бірден бас тарту тиімді шешім емес. Қатаң тыйым керісінше құмарлықты күшейтеді. Ең дұрыс жол — мөлшерін біртіндеп азайту. Мысалы, тәттіні аптасына 2–3 рет қана тұтыну немесе пайдалырақ баламаларға көшу. Олардың ішінде қара шоколад, жемістер мен жидектер бар. Өзіңізді жақсы іс үшін марапаттағыңыз келсе, оны шектен тыс тәттімен емес, саналы таңдаумен жасаған жөн. Себебі шектен тыс калориялы өнімдер де бар. Мысалы, америкалық Crumbl Cookies печеньесінің бір данасының өзі шамамен 2000 калорияны құрайды.

Егер тиімді әрі креативті әдіс іздесеңіз, “Pause, Reflect, Choose” тәсілін қолдануға болады. Бұл әдіс Стивен Ковидің «Жоғары тиімді адамдардың 7 әдеті» кітабындағы идеяға негізделген. Автордың айтуынша, «ынталандыру мен жауаптың арасында таңдау кеңістігі бар». Осы әдісте ең алдымен тәттіге деген ынта пайда болады, кейін пауза жасау қажет. Яғни, автоматты түрде әрекет етпей, бірнеше секундқа немесе минутқа тоқтаған жөн. Осы уақытта өзіңізге «Мен мұны не үшін қалаймын?», «Қазір қандай күйдемін?» деген сұрақтар қойыңыз. Ал таңдау кезеңінде тәттінің орнына су ішу, серуендеу немесе басқа пайдалы әрекет жасауға болады. Бұл тәсіл өзін-өзі бақылауға көмектеседі.

Қорытындылай келе, тәттіге тәуелділік — басқаруға болатын әдет. Ең бастысы — мәселені мойындап, бірден емес, тұрақты әрі саналы қадамдар жасау. Денсаулыққа деген жауапкершілік дәл осындай ұсақ таңдаулардан басталады.

Айгерим Есенбаева

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз