Рим папасы Франциск Ердоғанға тұспалдап сый тартты

0
75
lastampa

Рим папасы Франциск Ватиканға ресми сапармен келген Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанға тұспалға толы сый жасады, деп хабарлайды Италияның La Stampa газеті.

Рим папасы түрік басшыға қола медальон сыйға тартқан. Басылым таратқан мәлімдемеге сүйенсек, медальонның бетінде солтүстік және оңтүстік жартышарды қапсыра құшақтаған бейбітшілік періштесінің соғыс әзәзілін жеңген сәті бейнеленген. Бұл сый арқылы папа Франциск түрік әскерлерінің Афринде күрдтерге жасаған шабуылына қалай қарайтынын тұспалдап жеткізген, деп қорытындылайды La Stampa. Басылым папа Францисктің Анкара террористер деп есептейтін аймақтағы күрдтерге бірнеше мәрте қолдау білдіргеніне назар аударады. Мәселен, былтыр наурыз айында Ирактың солтүстігіндегі Күрдістан автономиясының делегациясы Рим папасының арнайы шақыртуымен Ватиканда болған.

-60 жылдан кейін алғаш сапар

Ватиканның ресми баспасөз қызметінің хабарлауынша, Рим папасы Франциск кеше Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанды қабылдады. Бұл – понтифик пен түрік президентінің 59 жылдан кейінгі алғаш кездесуі. Р.Т. Ердоғанның алдында соңғы рет Ватиканға 1959 жылы папап Иоанн ХХІІІ-мен кездесуге Махмуд Джелал Баяр келген.

Апостоль сарайында өткен Франциск пен Ердоғанның кездесуі 50 минутқа созылған. Екеуара әңгіменің арқауы Иерусалимнің ресми статусы төңірегінде болған. Папа Франциск пен түрік басшы Америка Құрама Штаттарының (АҚШ) президенті Дональд Трамптың Иерусалимді Израильдің астанасы ретінде танып, АҚШ елшілігін сонда көшіруге қатысты шешімін айыптаған. Сонымен қатар, кездесуде Палестинаның жағдайы, Түркияның Сириядағы әскери операциясы, лаңкестікпен күрес және конфессиялар аралық келісім мәселелері сөз болған. Кездесудің соңында Рим папасы түрік басшыға қола медальон сыйға тартқан.

-Рим Ердоғанды наразылықпен қарсы алды

Ватиканда Ердоғанның сапарлап келуіне байланысты наразылық акцияларына тыйым салынған еді. Алайда, ақпарат құралдарының жарыса жазуына қарасақ, күрд диаспорасынан құралған 150 адамдық топ Римде наразылық шараларын ұйымдастырып, Ватикан территориясына өтуге тырысқан.

-Анкара мен Ватиканның арасын ашқан Агджа

Түркия мен Ватиканның арасындағы қарым-қатынастың сиырқұйымшықтануына 1981 жылы папа Иоанн Павел ІІ-ге қарсы жасалған қастандық сеп болды. Понтификті  Мехмет Али Агджа есімді түркиялық ультраоңшыл террорист өлтіруге қам қылған еді. Сәтсіз қастандық кезінде ұсталған Агджа 2010 жылға шейін қамауда отырды. Қастандық болғаннан екі жылдан кейін Рим папасы Иоанн Павел ІІ Агджа отырған түрмеге келіп, қастық қылмақ болған түрік азаматын кешіргенін мәлімдеді. Қамаудан босап шыққаннан кейін бұрынғы террорист Иоанн Павел ІІ-нің отаны Польшаға көшіп кеткен.

Ерлан Мұқан

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз