22 қыркүйек күні Түркіменстан астанасы Ашхабадта жауынгерлік өнер түрлері бойынша жабық ғимаратта өтетін V Азия ойындарында Қазақстан құрамасының қоржыны жетінші алтынмен толықты, деп хабарлайды 24.kz телеканалы.
17 қыркүйек күні басталған спорт ойындарында қазақ елі атынан жетінші алтын медальді Айдос Құлманбетов ұтты. Құлманбетов белбеу күрестің классикалық түрі бойынша өткен жарыста бас жүлдені жеңіп алды.
Алтын медальмен қатар еліміздің жүлде қоржыны күміс медальдармен толықты. Перизат Жақыпбекова белбеу күресте, ал Ернар Чимбаев бильярд жарысы бойынша жалпы есепте екінші орын иемденді.
Бес күннің қортындысы бойынша, Қазақстан ұлттық құрамасы 30 медальмен (7алтын, 8 күміс, 15 қола) төртінші орынға табан тіреді. Бірінші орынға жарыс қожайындары орналасты. 127 медаль жеңіп алған Түркіменстанның қоржынында 53 алтын медаль бар. Екінші орынға 10 алтын медальмен Иран құрамасы, үшінші орынға 57 медальмен Өзбекстан спортшылары орналасты. Өзбек ағайындардың қоржынында да 7 алтын медаль болғанмен, медаль саны бойынша қазақ құрамасын басып озды.