Ангела Меркель осымен төртінші рет Германия канцлері болды

0
101

Германияның қазіргі канцлері Ангела Меркель осымен қатарынан төртінші рет үкімет басқаратын болды. Меркель Германия Федералдық мәжілісі Бундестагта өткен дауыс беруде жеңіске жетті. Бұл туралы Deutsche Welle басылымы хабарлайды.

Ангела Меркель коалиция туралы келісімге қол қойылғаннан кейін Бундестагта өткен дауыс беру шарасында да жеңіске жетіп, осымен төртінші рет канцлер (премьер-министр) атанды. Ангела Меркель өткен жылы 24 қыркүйекте өткен сайлаудан тура 171 күннен кейін Бундестаг депутаттарының сеніміне ие болып отыр.

Бундестагда өткен құпия дауыс беруге қатысқан 702 депутаттың 688-інің дауысы жарамды деп танылды. Депутаттардың 364-і Меркельге сенім білдірген болса, 355 кісі қарсы дауыс берген.

Меркельдің үкімет басшысы болуы үшін 355 депутаттың қолдауын табуы жеткілікті болатын. Мәжілісте Христиан-демократ бірлігі (CDU), Христиан социалды бірлігі (CSU) және Социал-демократ партияларынан (SPD) құралған коалицияға мүше 399 депутат бар. Ал Бундестагтағы барлық депутаттардың саны болса – 709.

Дауыс беру шарасы аяқталғанда Бундестаг басшысы Вольфганг Шебле қайта сайланған канцлерге «сәттілік пен қайрат» тілеп, көп ұзамай дауыс беру нәтижесін президент Франк-Вальтер Штайнмайерге табыстайтынын айтты.

Deutschland Bundestag Kanzlerwahl

Канцлер Меркель алдағы күндері Бельвю сарайына барып, президент Франк-Вальтер Штайнмайерден тағайындау туралы құжаттарды алып қайтады. Содан кейін Меркель және оның министрлер кабинеті Бундестагта ант етіп, қызметтеріне кірісетін болады.

Германия тарихында үкіметтің жасақталуы бұрын соңды сонша ұзаққа созылмаған еді. Бұл мәселе Социал-демократ партиясының (SPD) отырысында ішкі дауыс беру шарасы ұйымдастырылып, депутаттардың 66 пайызы Христиан бірлігі партияларымен коалиция қрылуын қолдағанда ғана шешуін тапты.

24 қыркүйекте өткен сайлаудан кейін алты ай бойы үкіметсіз қалған Германияда коалиция үкіметінің құрылуын мақұлдаған Социал-демократ партиясы (SPD) мен Христиан бірлігі партиялары (CDU / CSU) 12 наурызда Берлинде тиісті келісімдерге қол қойды.

Бауыржан Мұқан

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз