Түркияда жаңа коалиция: Сайлау алдында 15 депутат партия ауыстырды

0
102
Халық-республикалық партиясыың басшысы Кемал Кылычдароглу мен «Жақсы партия» төрайымы Мерал Акшенер (фото: mynet.com)

Түркияның Жоғары сайлау комиссиясы маусым айында мерзімінен бұрын өтетін парламенттік сайлауға қатысуға құқылы 10 саяси партияның тізімін жариялады. Бұл тізімге «Жақсы партия» (İYİ parti) да енді.

Түрік халық-республикалық партиясының ресми сайтынан

Биліктегі Әділет және даму партиясы (AKP) мен Ұлттық қозғалыс партиясы (MHP) құрған коалицияның реакциясына қарасақ, «Жақсы партияның» тізімге енуі сайлау инициаторлары үшін күтпеген жәйт болып шықты.

Ұлттық қозғалыс партиясының төрағасы Девлет Бахчели сайлауды биыл өткізуді ұсынып, Түркия президенті әрі «Ақ партияның» басшысы Режеп Тайып Ердоған бұл бастаманы қабылдағалы түрік баспасөз беттерінде «жаңадан құрылған «Жақсы партия» сайлауға қатыса ала ма екен?» деген заңды сұрақ туындаған болатын.

hurriyet газетінің сайтынан

Дегенмен Мерал Акшенер бастаған «жақсылардың» сайлауға түсетіні тізім жарияланатын соңғы бір-ақ күні белгілі болды.

Халық-республикалық партиясы (CHP) оппозициядағы мүдделес партияның сайлауға түсуіне қол ұшын созатынын жариялады. CHP-ның 15 депутаты отставкаға кетіп, парламентте бес-ақ мандатқа ие «жақсылар» cапына ауысты.

Осылайша Түркиядағы «судай жаңа» партия парламенттік сайлауға керекті мандат санына қол жеткізді. Енді Ұлы халықтық мәжілісте (TBMM) 20 депутаттық орынға ие болған «Жақсы партия» парламентте фракция құра алады.

Девлет Бахчели, фото: CNN Türk

Осыған дейін оппозициялық партия болған, ал қазіргі таңда билікпен коалиция құрған Ұлттық қозғалыс партиясының (MHP) төрағасы Девлет Бахчели халық-республикалық партиясы мен «жақсылардың» жасағанын «демократия принциптеріне сай келмейтін лас ойындарға» теңеді. Бахчелидің бұл сөздері «MHP-ның 5 депутаты «жақсылар» сапына ауысады» деген қауесет тарағанда айтылды.

Билік партиясының өкілдері «одан да әрі кетті». Экономика министрі Нихат Зейбекчи Денизли аймағына жасаған сапары кезінде жаңа оппозициялық CHP-İYİ коалициясына қоқаң лоқы көрсетті.

Нихат Зейбекчи, фото: Türkiye Gazetesi

Зейбекчи өз сөзінде былай деді:

«CHP-ның 15 депутаты İYİ партияға өтті. Не үшін? Олар өз принциптерінен бір-ақ мақсатпен – біздің президентіміз Ердоғанға «қарсы шығу үшін» айнып отыр. Олар «Түркияға қалай зиян келтірсек болады?» деп жоспар құрады. Бірақ бұл дегендерінен ештеңе шықпайды».


Түркияда мерзімінен бұрын өткізілетін сайлаудың 24 маусымға жоспарланғаны 18 сәуір күні белгілі болған еді.

Бауыржан Мұқан

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз