Ресей 2018 жылғы қысқы Олимпиада ойындарынан шеттетілді

0
37

Халықаралық Олимпиада Комитеті (ХОК) Ресей құрамасын 2018 жылы Оңтүсік Кореяның Пхенчхан қаласында өтетін қысқы Олимпиада ойындарына қатыстырмау туралы шешім қабылдады. Сондай-ақ, Швейцарияның Лозанна қаласында өткен ХОК-тың атқарушы комитетінің жиналысында Ресей үкіметінде спорт саласына жетекшілік ететін вице-премьер Виталий Мутконы алдағы уақытта болатын барлық Олимпиада ойындарынан өмірбақи шеттету туралы шешім қабылданды. Бұл туралы Халықаралық Олимпиада Комитетінің төрағасы Томас Бах бастаған кеңес мәлімдеме жасады.

Ресей құрамасы атынан жолдама алған спортшылар арасында бұған дейін бойында допинг табылмаған, допинг дауында басы бәлеге қалмаған «таза» атлеттер 9-28 ақпанда өтетін Пхенчхан қысқы ойындарына Олимпиада туы астында қатыса алады. Олар «Ресейлік Олимпиада спортшысы» деген атаумен жарысқа түседі. Орыс спортшылары жеңіске жеткен жағдайда, Ресейдің мемлекеттік гимнінің орнына Олимпиада әнұраны шырқалатын болады.

Ресейдің олимпиада комитетіің ХОК-тағы мүшелігі дисквалификацияға байланысты тоқтатылды.

Сонымен қатар, Ресей ХОК-тың допинг бағдарламасы аясында тәуелсіз зерттеу жүргізетін орталықтың құрылуына жұмсалатын 15 миллион доллар көлеміндегі шығынды өтеуге міндетті.

ХОК-тың мұндай радикал шешім қабылдарда, 2014 жылы Сочиде өткен Олимпиада ойындарындағы допинг дауына байланысты 17 айға созылған зерттеудің нәтижелеріне сүйенгені белгілі болды.

Ресейден келген алғашқы мәлімдемелер

Ресей Олимпиада Комитетінің төрағасы Александр Жуков жекелеген спортшылардың Олимпиадаға қатысу мүмкіндігін сақтау туралы шешімді қолдайды, алайда олардың бейтарап ту астында жарысқа қатысатынына қарсылық білдірді.

“Егер барлық талаптар сақталған жағдайда, Олимпиаданың соңғы күні уақытша санкциялар өз күшін жоятын болса, неге Ресейге өз туын қолдануға рұқсат берілмейді?”, – деді ол.

Ресей Думасының қорғаныс комитеті төрағасының орынбасары Франц Клинцевич “Ресей секілді ұлы державаның спортшылары белгісіз ту астында бақ сынай алмайды” деген пікір білдірді.

Конькимен жүгіру спортының жетекшісі Алексей Кравцов болса, мемлекеттік тусыз жарысқа қатысатынын немесе қатыспайтынын спортшылардың өзі шешуі керек деп есептейді.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз