Мамандықты ерте таңдау: саналы шешім бе, әлде жүйенің қысымы ма?

0
153

Өмірде әр адам ерте ме, кеш пе мамандық таңдау кезеңінен өтеді. Бұл – адамның болашағына тікелей әсер ететін маңызды әрі күрделі шешімдердің бірі. Алайда қоғамда мамандықты ерте таңдауды «жүйенің қысымы» деп бағалайтындар да аз емес. Бұл пікір қаншалықты шындыққа жанасады?

Нақтырақ айтқанда, кейбір жағдайларда қалаусыз мамандықты таңдау шынымен де қысымның салдары болуы мүмкін. Мұндай қысым ата-ана, туған-туыс, достар немесе айналадағы орта тарапынан жасалады. Жасөспірім өз болашағын айқындау кезінде «осыны таңдасаң өкінбейсің» деген кеңестерді жиі естиді. Алайда әр баланың қызығушылығы, қабілеті мен арманы әртүрлі. Өз өмір жолын тек адамның өзі ғана құрастыра алады.

Өзгенің ақылына толықтай еріп кету – дұрыс шешім емес. Әр адам өз санасымен ойланып, өз жүрегінің қалауын ескеруі тиіс. Біреудің жолын қайталау немесе қоғамның талабына бейімделу түптің түбінде қанағатсыздыққа әкелуі мүмкін. Сондықтан адамның сана-сезімі айқын, таңдауы нық болғаны маңызды.

Мысал ретінде айтар болсақ, ата-анасының қалауымен нейрохирург мамандығын таңдаған, бірақ өзі бұл саланы қаламаған жасөспірімді елестетейік. Ол бұл шешімді ата-анасының үмітін ақтау үшін ғана қабылдады. Нәтижесінде сүйікті ісімен айналыспағандықтан, кәсіби тұрғыда да, жеке өмірінде де өзін бақытты сезінбеді. Мұндай жағдайда кінәні кімнен іздейміз?

Қорытындылай келе, әр адам өз мамандығын өзі таңдауы керек. Ал «жүйенің қысымы» деген ұғым көбіне адамның өз шешіміне жауапкершілік алмауынан туындайды. Саналы таңдау – табысты болашақтың басты кепілі.

Амина Амирова,
11- сынып оқушысы

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз