Министр 26 мың балаға Pfizer екпесі салынғанын хабарлады

0
188
Нұр-Сұлтанда Pfizer вакцинасын салдырып отырған жасөспірім. 15 қараша 2021 жыл.

Қазақстанда коронавирусқа қарсы “Комирнати” (Pfizer) вакцинасының бірінші дозасы 35 мың адамға салынды. 26,3 мыңы – бала, 8,6 мыңы – жүкті немесе бала емізіп жүрген әйел. Бұл жөнінде 23 қараша күні үкімет отырыс кезінде денсаулық сақтау министрі Алексей Цой осылай деп мәлімдеді.

Елде тіркелген алтыншы екпе – Pfizer вакцинасының алғашқы партиясы Алматыға 10 қарашада жеткізілген болатын. 12 қарашадан бері салына бастады.

Денсаулық сақтау министрінің айтуынша, қазір Қазақстанға Pfizer-дің 645 мың дозасы жеткізілген. Жалпы 4 млн дозаға тапсырыс берілген.

Қазақстанда коронавирусқа қарсы вакциналау науқаны ақпан айында басталған. 9 ай ішінде 7,9 млн адам (халықтың 42,2 пайызы) вакцинаның толық дозасын алған.

Қазіргі уақытта 18 бен 65 жас аралығындағы адамдарға Ресейдің “Спутник V” (қазір оны Қарағандыда өндіреді), Қазақстанның QazVac, Қытайдың Sinopharm компаниясының БАӘ-де өндірілген Hayat-Vax пен Қытайда өндірілген Vero Cell екпесі, сонымен бірге тағы бір Қытайдың Sinovac компаниясының CoronaVac екпесі салынып жатыр.

ДСМ хабарлауынша, Қазақстанда коронавируспен ауырғандар кейінгі бір айда 2,4 пайызға азайған. Елде жазда індет өршіген шақта күніне 6-7 мың науқас тіркелсе, 20 қазанда – 1,8 мың, 22 қарашада 769 науқас анықталған. Қазір 29 мың адам коронавирустан емделіп жатыр. Ауруханадағы орындардың 30 пайызы, реанимациядағы орындардың 25 пайызы бос емес.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз