Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз-мәслихатында ШҚ облысының әкімі Даниал Ахметов өңірдегі экологиялық жағдай іс жүзінде барлық стандарттарға сәйкес келеді, деп мәлімдеді.
Жыл басынан бері Шығыс Қазақстан экономикасының ішкі аймақтық өнімі 102%-ға өсті. ІАӨ артуы, ең бірінші, ауыл шаруашылықтағы ішкі өнімнің 102%-ға, сондай-ақ, құрылыс саласында 108%-ға ұлғаюы есебінен болып отыр. 234 мың ш.м. аумақты құраған тұрғын үй бой көтеріп, қолданысқа берілді. Бұл ретте көрсеткіш деңгейінің 104%-ға еселенгенін атап өткен орынды. Ал негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі ақшалай есептегенде 107%-ға өсті.
Даниал Ахметов «Биылғы көрсеткіштерге көз жүгіртсек, Шығыс Қазақстанда экономикалық бағытта ауыз толтырып айтарлық өсім байқалады. Республика Президентінің «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында көрсетілген мақсат пен міндеттерді, стратегиялық жобаларды, мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру үшін облыста барлық жағдай жасалған, қажетті ресурстар көзі де жетерлік», – деді.
Сондай-ақ, аймақта индустриалды-инновациялық жобалар табысты әрі жоғары қарқынмен жүзеге асып жатыр. Ағымдағы жылдың өзінде кәсіпкерлікті қолдау картасы аясында құны 381,4 млрд. теңге құрайтын 6 жоба іске қосылады. Нәтижесінде, 1800 адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ.
Облыс әкімінің айтуынша, экономикалық өсімнің драйвері ретінде Шығыс Қазақстанда ауыл шаруашылығы саласының дамуына жоғары көңіл бөлініп келеді. АӨК-ге тартылған инвестиция мен құйылған субсидияның жалпы көлемі 30 млрд. Теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 600 млн. Теңгеге артып отыр. Қолға алынған кешенді шаралардың арқасында биыл ауылшаруашылық ішкі өнімінің деңгейі 2016 жылмен салыстырғанда 11 пайызға артты.