Қазақстанның тәуелсіздік жылдарындағы орын алған ерекше 10 дерек

0
82
Қазақстан туы. Photo: ortcom.kz

1991 жылғы 16 желтоқсанда Қазақстан Республикасы алғаш рет өзін тәуелсіз мемлекет ретінде жариялады. Бұл күн 16 және 17 желтоқсанда атап өтілетін ұлттық мереке болып саналады.

Әкімшілік-аумақтық құрылымы бойынша ел 17 облыстан және республикалық маңызы бар 3 қаладан тұрады.

  1. Қазақстанның тәуелсіздігін алғаш болып ресми түрде АҚШ мойындады. Түркия, алғаш телефон соғып құттықтаған. АҚШ-тан кейін көрші Қытай, Ұлыбритания, Моңғолия, Франция, Жапония, Оңтүстік Корея және Иран Ислам мемлекеті. Иран-Қазақстанның тәуелсіздігін мойындаған алғашқы мұсылман мемлекеті. Түркия Қазақстанда бірінші болып елшілігін ашты, бірақ біздің тәуелсіздігімізді мойындауда он жетінші болды.
  2. 2 млн. 724,9 мың шаршы шақырым аумақты алып жатқан еліміз әлем елдері арасында жерінің көлемі бойынша 9 орында. Солтүстігі мен батысында еліміз Ресеймен – 7 591 шақырым (әлемде құрғақтағы ең ұзын үзіліссіз шекара), шығысында Қытаймен – 1 783 шақырым, оңтүстігінде Қырғызстанмен – 1 242 шақырым, Өзбекстанмен – 2 351 шақырым және Түрікменстанмен – 426 шақырым шекара арқылы шектеседі. Құрғақтағы шекарасының жалпы ұзындығы – 13 200 шақырым.
  3. Қазақстан – әлемдік мұхитпен тікелей жалғаспайтын әлемдегі ең ірі ел. Ел аумағының 44%-ын шөлдер және 14%-ын шөлейтті жерлер алып жатыр.  Далалық жерлер Қазақстан аумағының 26%-ын, орман-тоғайлар 5,5%-ын құрайды. Қазақстанда 8,5 мың өзен бар. Каспий акваториясының солтүстік-шығыс бөлігі республика шегіне кіреді. Арал теңізі Қазақстан мен Өзбекстан арасында бөлінген. Қазақстанда үлкен және шағын 48 мың көл бар. Оның ең ірілері – Арал теңізі, Балқаш, Зайсан және Алакөл. Мұхиттардан алыстығына байланысты елдің ауа райы күрт континентальды болып келеді.
  4. Тәуелсіздік алған 1991 жылдан бері жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнімі (ІЖӨ) 20 есеге – 700 АҚШ долларынан 14 мың долларға дейін өсті. Британдық мамандардың бағалауынша, ХХІ ғасырдың алғашқы онжылдығындағы ең қарқынды 25 дамушы экономика арасынан Қазақстан тек Қытай мен Катарды ғана алға салып, 3-орын алады.
  5. Елдің алтын-валюта резерві 92,7 миллиард АҚШ долларын құрады, соның 58,5 миллиард доллардан астамы Ұлттық қорға тиесілі.
  6. 1991 жылы – Тәуелсіз мемлекеттер достастығы ұйымына, 1992 жылы – Біріккен ұлттар ұйымына, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына, 1995 жылы – Ислам ынтымақтастық ұйымына, 1996 жылы – Шанхайлық бестікке (Шанхай ынтымақтастық ұйымы), 2000 жылы – Еуразиялық экономикалық қауымдастыққа, 2013 жылы – “Бір белдеу, бір жол” жобасына мүше болды.
  7. 1991 жылы халық саны 17 миллионға жуық болып, қазіргі күні 20 миллионнан асты. Дегенмен 1994 жылдан 2001 жылға дейін халық саны 14 миллион 800 мыңға дейін азайған.
  8. Қазақстанда жыл сайын 9 мемлекеттік және бір ұлттық мейрам аталып өтіледі. Біз жаңа жылды – 1-2 қаңтар, Халықаралық әйелдер күнін – 8 наурыз, Наурыз мейрамын – 21-23 наурыз, Қазақстан халқының бірлігі мерекесін – 1 мамыр, Отан қорғаушылар күнін – 7 мамыр, Жеңіс күнін – 9 мамыр, Астана күнін – 6 шілде атап өтеміз. Сондай-ақ Конституция күні-30 тамыз, Республика күні – 25 қазан, әрине, Тәуелсіздік күні-16-17 желтоқсан.
  9. Қазақстанның астанасы жері бойынша да аты бойынша да ауысты. Біріншіден 1998 жылы Алма-атадан Ақмолаға ауысса, кейіннен ол Ақмола Астана атанды. 2019 жылы Астана Нұр-Сұлтанға, 2022 жылы Нұр-Сұлтаннан кері Астанаға ауысты.
  10. Тәуелсіз Қазақстанның 32 жылында елді тек екі басшы биледі. Тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылы отставкаға кетті. Оның орнына келген Қасым-Жомарт Тоқаев, кейінгі сайлау нәтижесі бойынша 2030 жылға дейін билік басында болады.

Біз, Kazaknews.kz редакциясы, Тәуелсіздік күні мерекесімен барша қазақстандықтарды құттықтаймыз.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз