Қазақстанға Pfizer екпесінің алғашқы партиясы жеткізілді

0
76
Алматыға Pfizer екпесінің алғашқы партиясын Qatar Airways әуе компаниясы Бельгиядан әкелді. Photo: Ministry of healthcare of the Republic of Kazakhstan

10 қараша түнде Алматыға Pfizer екпесінің алғашқы партиясы жеткізілді. Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі алдағы күндері халыққа осы вакцинаның салына бастайтынын хабарлады.

“Вакциналау курсы 21-28 күн аралығында енгізілетін екі дозадан тұрады. Жеткізілген дозалар ҚР халқын жаппай вакцинациялауды аяқтауға мүмкіндік береді. Бұл Қазақстанда тіркелген алтыншы вакцина. Бірыңғай дистрибьютор келіп түскен вакцинаны жедел тәртіппен еліміздің өңірлеріне жеткізеді. Алдағы күндері Қазақстан азаматтарына коронавирустық инфекцияға қарсы вакцинациялау үшін қолжетімді болады” делінген министрлік хабарламасында.

Министрлік мәліметінше, әзірге Қазақстан сатып алған 4 млн доза вакцинаның 380 мыңы ғана жеткізілген. Qatar Airways әуе компаниясы екпені Бельгиядан әкелген.

Бұған дейін екпені қажетті температурада (-60 -90 C) сақтайтын 34 суытқыш жабдық сатып алынғаны хабарланған. Қараша соңына дейін қосымша 51 тоңазытқыш әкелінеді.

Германиялық ғалымдар ойлап тауып, АҚШ-та шығарылатын бұл екпенің тиімділігі 95 пайыздан асады. Pfizer – ДДСҰ мен Еуропа алғаш мойындаған вакциналардың бірі.

Қазақстанда бұл вакцина бірінші кезекте 12-17 жастағы жасөспірімдерге және жүкті әйелдерге салынады.

Соңғы мәлімет бойынша, елде 7,7 млн адамға коронавирусқа қарсы вакцинаның толық дозасы салынған. 700 мың адам екінші дозасын күтіп отыр.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз