Бір күнде 4375 адамнан коронавирус анықталды

0
135
Photo: rbc.ru

13 шілде күні Қазақстанда 4375 адамнан коронавирус анықталды. Бұған дейін бір күнде осынша көп науқас тіркелмеген. 

Елде індет өршіп тұр. Кейбір қалаларда науқастар сыймағандықтан қонақүй, түрлі кешендер коронавирус жұқтырғандарды қабылдайтын стационарға айналып жатыр. Билік органдары індеттің өршуін коронавирустың “дельта вариантымен” байланыстырады. Үндістанда анықталған бұл вариант Қазақстанда алғаш рет маусымның соңында тіркелген. Жаңа вариант алғашқы вариантқа қарағанда едәуір жұқпалы.

13 шілдеде Нұр-Сұлтанда 1128 адамнан коронавирус табылған. Індет басталғалы бері астанада алғаш рет бір күнде анықталған науқастар мыңнан асып кетіп отыр. Алматыда – 640, Қарағанды облысында – 589, Атырау облысында – 320, Шымкентте – 342, Батыс Қазақстан облысында – 187, Ақмола облысында – 148, Маңғыстау облысында – 180, Павлодар облысында – 143, Ақтөбе облысында 137 науқас тіркелді. Қалған облыстарда ондаған науқас анықталған.

Кейінгі күндері адам өлімінің ең жоғары көрсеткіші де тіркеліп жатыр. 12 шілдеде 59 адам коронавирустан қайтыс болған: 53 адам – коронавирустан, 6 адам коронавирус пневмониясынан көз жұмды деп айтылады.

Ресми дерек бойынша, Қазақстанда өткен жылдың наурыз айынан бері 466 792 адамның коронавирус тесті оң шыққан. 4769-ы қайтыс болған.

Қазіргі уақытта “қызыл аймақта” үш ірі қала мен 9 облыс тұр: Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары, Павлодар, Атырау, Қарағанды, Ақмола, Қостанай, Ақтөбе, Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан облыстары. Алгоритмге сәйкес, “қызыл аймақтарда” карантин күшейеді. “Сары аймақта” Алматы облысы, Жамбыл мен Қызылорда облыстары қалған. Түркістан мен Шығыс Қазақстан облыстары “жасыл аймақта”.

Қазақстан бойынша 45 мың адам коронавирустан емделіп жатыр. 14,6 мыңы стационарда жатыр. 116 адам жасанды тыныс аппаратына қосылған.

Елде ақпан айынан бері халыққа коронавирусқа қарсы вакцина салына бастады. Содан бері 4 млн 601 мың адам вакцинаның кемінде бір дозасын алған. 2 млн 541 мың адам вакцинаның екі дозасын алған.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз