Коронавирус: Бір күнде 77 адам қайтыс болды

0
471

21 шілдеде Қазақстанда 5708 адамнан коронавирус анықталды. Індет басталғалы бері бір күнде осынша көп науқас тіркелмеген. Екі күн бұрын 34 адам коронавирус пневмониясын жұқтырған. Бұл туралы денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.

ДСМ коронавируспен байланысты адам өлімі көрсеткішіне байланысты екі күн бұрынғы мәліметті жариялайды. 20 шілдеде 77 адам коронавирус пен коронавирус пневмониясынан қайтыс болған.

Кейінгі апталарда бұрын-соңды болмаған коронавирус көрсеткіштері тіркеліп жатыр. Денсаулық сақтау саласының мамандары мұны “дельта штаммен” байланыстырады. Ол вирустың кәдімгі түріне қарағанда әлдеқайда тез жұғады әрі ушығуы да жылдам.

Нұр-Сұлтанда күн сайын орташа есеппен 1200-1300 адамнан коронавирус анықталып жүр. Бұл республика бойынша ең жоғары көрсеткіш. Бір тәулікте Алматыда (өткен тәулікте 993) мен Қарағанды облысында (698) жүздеген науқас анықталып жатыр. Қалған облыстар мен қалаларда 90 мен 450 аралығында науқас тіркеліп жүр.

Елде вирус күшейді. Қазір “жасыл аймақта” бірде-бір облыс не қала қалған жоқ. Түркістан мен Шығыс Қазақстан облысы “сары аймақта”. Қалған облыстар мен қалалар “қызыл аймақта” тұр.

Пандемия басталғалы бері 509 мыңнан астам адамның коронавирус тесті оң шыққан.

Былтыр наурыз айынан бері коронавирус тесті оң шыққандар арасында 5180 адам қайтыс болған. 3575 адам коронавирус пневмониясынан көз жұмған.

Қазір 65 мың адам коронавирустан емделіп жатыр. 20 мыңнан астамы стационарда жатыр. 46 мыңнан астамы амбулаториялық жағдайда ем қабылдап жатыр. 168 науқас жасанды тыныс аппаратына қосылған.

Бұған дейін ауруханаларда орын жетпей жатқаны хабарланды. Кейбір қалаларда қонақ үйлер, спорт кешендері инфекциялық стационарға айналды.

22 шілдедегі дерек бойынша, Қазақстанда 5 миллион адам коронавирус екпесінің кемі бір компонентін салдырған. Екпені толық алғандар 3 миллионға жуықтады.

Елде ресейлік “Спутник V”, қазақстандық QazVac, қытайлық Hayat-Vax және CoronaVac екпелерін салады.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз